WhatsApp месенджерінде тырысқақ ауруы шығып жатыр деген ақпарат жалған. Бұл туралы Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, әлеуметтік желілерде таралған Ресейде тырысқақ ауруының өршуі және судың ластанғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ғазиз Надуев бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі де жоққа шығарғанын айтты.
- Тырысқақпен көбіне шетелден демалып келген туристер ауырған. Мәселен, 2017 және 2018 жылдары тырысқақтың туристерден әкелінген 5 жағдайы және 2019 жылы – Үндістаннан келген қазақстандық туристерден 4 жағдайы тіркелді. 2020-2022 жылдары тырысқақтың әкелінген жағдайлары тіркелген жоқ. Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және елге тырысқақтың әкелінуінің және одан әрі таралуының алдын алу мақсатында Санитариялық-эпидемиологиялық комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері атап айтқанда, ғылыми орталықтар, департаменттер, обаға қарсы күрес станциялары тырысқақтың және басқа да ішек инфекцияларының жұғу жолдары мен факторларын ескере отырып, тұрақты эпидемиологиялық бақылау жүргізеді. Жыл сайын эпидемиялық маусымда сыртқы орта объектілеріне, яғни, өзен, су қоймалары, рекреация аймақтарына тұрақты бақылау жүргізіледі, - деді Ғазиз Надуев.
Спикердің айтуынша, жыл сайын ауыз судың 9 мыңға дейін, орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау суының 2 мыңға дейін сынамасы, ұйымдастырылған жаппай рекреациялық су пайдалану орындарындағы сулардың яғни, демалыс аймақтары, бассейндер, фонтандар, аквапарктер, сондай-ақ тырысқақ бойынша эпидемиологиялық мәні бар жерлердегі судың 6 мыңға дейін сынамасы зерттеледі. Елімізде соңғы 10 жылда тырысқақ ауруының жергілікті жағдайы тіркелмеген.