Елімізде бес банк автокөлік сатып алуға жылдық 4%-бен несие береді. Олар корпоративтік рәсімдерді өткізді, сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту қорымен шарттар жасаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына ресми түрде отандық автомобильдердің сегіз маркасы енгізілді. Бұл KIA-Cerato, K5 Rio, Soul, Sportage, Seltos, Hyundai – Accent, Creta, Tucson, Elantra, Sonata, Chevrolet – Damas DLX, Nexia, Cobalt, Malibu, Trailblazer, Equinox, Tracker, Niva. Бұл тізімде сондай-ақ Lada Granta, XRay, Vesta, Largus және т.б. құны 15 миллион теңгеден аспайтын модельдерді таңдауға болады.
- Банк 10 миллион теңгеге дейін несие береді. Ал қалған соманы бастапқы жарна ретінде сатып алушы өз қалтасынан төлейді. Негізгі талап - төлем қабілеттілігі. Сондай-ақ, автонесие алуға өтініш берген үміткерде соңғы алты айда зейнетақы жарналарының тұрақты аударымы болуы тиіс. Бұдан басқа, кірістер ай сайынғы шығыстардан кемінде 50 пайызға жоғары болуы тиіс, - деді «Қазақстан Халық банкі» АҚ өңірдегі филиалының бөлшек бизнес бөлімінің басшысы Адайбек Қожаев.
Ал «Форте банк» АҚ өңірлік филиал басшысының орынбасары Айгүл Сисембаева несие мерзімі екі жылдан жеті жылға дейін екенін айтты.
- Клиенттер автокөлікті сақтандыру және кепілге рәсімдеу бойынша шығындарды өздері төлейді. Ол үшін ХҚКО немесе жеке компанияға жүгінуге болады. Әдетте сақтандыру мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімді құрайды, - дейді Айгүл Сисембаева.
Сондай-ақ, брифинг барысында «Банк ЦентрКредит» АҚ өңірлік филиалы автонесиелеу бөлімінің бас маманы Әбдіғани Қадырбаев осы банк арқылы сатылған көліктер туралы ақпарат берді.
- «Банк ЦентрКредит» АҚ 4% жеңілдетілген автокөлік бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысының 75 тұрғыны су жаңа автомобиль иесі атанды. Жалпы екі аптада ҚР жеңілдетілген несиеге 1188 автокөлік(жалпы құны 8,6 млрд) сатылған болса, өнеркәсіпті дамыту қорының аралық есебі бойынша 16-30 мамыр аралығында ең көп несие берген 773 автокөлік пен көшбасында «Банк ЦентрКредит» ұжымы тұр. Сатылған көліктердің 617 «СарыарқаАвтоПром» зауытының мамандары құрастырған, - деді Әбдіғани Қадырбаев.
«Қазақстан Халқы Банкі» АҚ филиалы арқылы 26 адамның көлік алуға сұранысы мақұлданып, оның 18-і құжаттарын рәсімдеп жатыр. «Форте Банк» АҚ филиалы арқылы екі адам көлігін алған.
Брифингте банк өкілдері бағдарламаның негізгі мақсаты отандық өнімді қолдау екенін айтты.
ҚР ИИДМ жеңілдетілген автонесиелерге 2027 жылға дейін барлығы 250 миллиард теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Мемлекет бюджетінен 150 миллиард теңге, ал «ӨКМ Операторы» кәдеге жарату төлемінен 100 миллиард теңге жұмсалады.