Ақтауда болып жатқан "Тұрақты даму үшін – жауапты бизнес" конференциясына Қазақстанның 200 ірі кәсіпорны мен халықаралық ұйым өкілдері жиналды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен өндірістік процестердегі ластаушы заттарды азайту тәсілдерін талқылау үшін конференция ұйымдастырды. Ісшараға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, өнеркәсіп секторының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.
- Біз прогресті тоқтата алмаймыз, бірақ ғылым мен техниканың жетістіктерін қолдана отырып қоршаған ортаны, флора мен фаунаны сақтай аламыз. Мұндай конференцияның климаты ерекше, өндіріс саласы жақсы дамыған біздің өңірде өтуінің символдық мәні бар. Сонымен қатар, бүгінгі кездесу жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, - деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Конференцияға қатысушылар энергия тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға тиетін зиянды азайтатын озық технологиялармен, жаңа "жасыл" жобалармен танысты.
"NCOC", "Теңізшевройл", "ERG" сияқты ірі кәсіпорындар, Павлодар мұнай-химия зауыты экологияны жақсартуға септігін тигізетін өз тәжірибелерін ұсынды.
- Өткен жылы уақыт талабы мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, Экологиялық кодекс жаңартылды. Ондағы негізгі бағыттар ең озық технологияларды енгізу, қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағыт алу, үздік халықаралық тәжірибелер негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату болып бекітілді. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық ең озық технологияларды қолдануды негізге ала отырып, қоршаған ортаны таза сақтау қағидатын ұстанады, - деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.