Қатысушылар жарыстың екінші күнінде өрт сөндіру мұнарасына көтерілді. Қыздар оқу мұнарасының екінші қабатына шықса, жігіттер төртінші қабатқа шығудан сынға түсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тапсырманы орындауға 14,5 секунд берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнараға көтерілу арқылы құтқарушылар биіктікте жұмыс істеуді үйренеді, рекациясын дамытады, жылдамдығы мен шыдамдылығын жетілдіреді.
«Старт» сигналынан соң спортшы қолындағы шабуыл сатысымен оқу мұнарасына дейін 32 метр жүгірген бойы оның әр қабатының ойығына сатыны бекіту арқылы көтерілді. Төртінші қабаттың байланыс пластинасына аяғын тіреумен мәрені бағындырады.
Мамандардың айтуынша, спорттың бұл түрінде секундтың әр жүздік үлесі өте маңызды. Шабуыл сатысының ұзындығы – 4 метр, салмағы – 10 келі, шетіне берік бекітілуін қамтамасыз ететін ілмек орнатылған. Бұл ілмек – тістері өткір емес араға ұқсатып жасалған күрделі құрылым. Осы арқылы сатыны кез-келген жерге берік бекіту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
- Әр өңірден үздік саңлақтар келіп отыр. Мәселен, турнирде әйелдер командасы рекорд жаңартты. Ақмола облысынан келген спортшы Анастасия Хорошева шабуыл сатысымен небәрі 7,38 секундта көтерілді, - дейді Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ҚР кубогі турнирінің бас төрешісі Дәурен Данаев.
Турнирде әйелдер арасында Алматыдан келген Оксана Дзолба жеңімпаз атанды, 2-орынды шымкенттік Аделя Әліхан иеленсе, елордалық Айрина Альмуханова 3-орын алды.
Ерлер арасында 1-орынды атыраулық Нұралы Мағау алды. 2-орын Батыс Қазақстан облысынан келген Дмитрий Агафоновқа бұйырды. Ал атыраулық Жасұлан Қайсарбеков жүлделі 3-орынға ие болды.