Биыл Маңғыстау облысында 123,5 млрд теңгеге 21 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Балжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, 500 млн. теңгеге 10 жаңа жұмыс орнын құрумен 1 жоба іске қосылды. Іске қосылатын жобалар бөлінісі – 7 жоба туризмге, 5 жоба өңдеу өнеркәсібіне, 5 жоба АӨК және қалған жобалар экономиканың басқа салаларын қамтиды. Сондай-ақ биыл 5 428 адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
- Осы мақсатта облыс бюджетінен 4,5 млрд.теңге қарастырылған. Оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 2 587, әлеуметтік жұмысқа – 468, жастар практикасына – 806, қысқа мерзімді оқытуға– 258, бизнес идеяларына гранттарға – 629, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 92 адамды және «Жұмыс жасаймын» жобасына 588 адамды бағыттау жоспарланған, - деді Қуаныш Балжанов.
Сонымен қатар 5 579 адамды қосымша жұмыспен қамту белсенді шараларына тарту мақсатында ұлттық қор есебінен 4,2 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жалпы жыл басынан бері 9 716 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 5545 адам тұрақты жұмысқа кірген.
Қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 59 мыңды құрап, 126 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.
- Саланың өңір экономикасындағы үлесі – 31,6% құрап, осы уақытқа дейін 1 605 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Сонымен қатар, қазір шағын және орта бизнестің 84 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдалануда. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында 24 жобаға 414 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. 37 жаңа жұмыс орны құрылып, 82 жұмыс орны сақталды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 59 жобаға 340 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл 59 жаңа жұмыс орны құрылды деген сөз,-деді Қуаныш Балжанов.