Жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде Баянды ауылының маңына белгісіз сары сұйықтық құйылған пластик бөтелкелер лақтырылған видеоны жариялады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің және зертханалық-аналитикалық бөлімінің мамандары Баянды ауылдық округінің полиция қызметкерлерімен және Мұнайлы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандарымен бірлесіп, аталған орынға барды.
"Сұйықтықтың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сусын екені анықталды. Бұл қалдықтарды қашан және кім тастағаны әзірге белгісіз. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Мұнайлы ауданы әкімдігіне қалдықтарды жинап, кейін полигонға апаруды ұсынды. Сонымен қатар Мұнайлы ауданының АІІБ-не кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау ұсынылды», - деп хабарлады экология департаменті.