«AMANAT» партиясының Манғыстау облыстық филиалы соғыс жылдарындағы қиындықтарды жеңе білген тыл еңбеккерлерінің үйіне арнайы барып, мерейлі мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тыл ардагерлерінің ең үлкені — Мұнайлы тұрғыны, 107 жастағы Тәжібай Түркменбаев ақсақал. Оның балалық шағы бір уыс бидайдың қадірін түсіндірген аштық жылдарымен сәйкес келген. Аштықтан өткен шағында, майдангерлердің қажетін түгендеу, азық жеткізу, киім жіберу сынды қиын сәттерді өткерген.
Соғыс жылдарында өздері кимесе де соғысқа жеткізу үшін сарбаздардың аш болмауы үшін күн, түн демей еңбек еткен тыл ардагерлерінің орны бір төбе.
— Осы уақытқа дейін соғыс жылдарында еңбек еттік, жұпыны өмірді де, жоқшылықты да көрдік. Қара жұмысқа жегілсек те, саналы ғұмырымызды бүгінгі толқынның болашағына сарп еттік. Қазір соның арқасында Құдайға тәуба, өсіп-өндік. Қазір балаларымыздың ортасында бақытты сәттерді бастан кешіп жатқан жайымыз бар, – деді тыл еңбеккері Балапан әже.
Партияның облыстық филиалы Ақтау қаласынан және аудандардан 30 тыл еңбек ардагерін құттықтап, сыйлықтарын табыстады.
Cоғыс қасіретін өз көзімен көрген ардагерлер ұрпағының бейбіт күнде өмір кешіп жатқанына разы.
Барған әр ардагер соғыс жылдары тұрмыстың тым ауыр болғанын, балалық шақты емес шаруашылық жұмысына ерте араласқандарын еске алды.
Құттықтай келген партия өкілдеріне алғыс білдіріп, ақ батасын берді.