"Amanat" партиясы Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Amanat» партиясы ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы басталып партияның облыстық атқарушы хатшысы Е.Әбілов, орынбасары З.Есбергенова, Ақтау қалалық филиалының атқарушы хатшысы А.Шамшадинова ардагерлердің үйіне барып, оларды келе жатқан мерекемен құттықтады.
Ұлы Отан соғысы ардагерінің бірі - Асан Аймағамбетов. Ол 1941-45 жылдары аралығында қан майданда кескілескен ұрыста ерен ерлік көрсетіп, туған жерге жеңіспен оралды. Бүгінде 98 жастағы батыр ардагер партия өкілдеріне ризашылығын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне жеміс тіледі.
Соғысқа Маңғыстау өңірінен 6 мыңдай азамат майданға аттанса, оның 4800-ге жуығы оралмаған. Биыл облыста көзі тірі 6 ардагеріміз ғана Ұлы жеңіс күнін қарсы алмақ. Бес ардагеріміз Ақтау қаласында бір ардагеріміз Бейнеу ауданында тұрады.