Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары және "Nur Ali" құрылыс компаниясының қызметкерлері Ұлы отан соғысы ардагерлеріне барып, мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты жастар орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жастар Ақтау қаласында тұратын ҰОС ардагерлері Асан Аймағамбетов, Бисен Боқаев, Ольга Платоновна және Василий Ивановичтың шаңырағына барып, сый-сияпат көрсетті. "Nur Ali" құрылыс компаниясының демеушілігімен гүл шоғын және сыйлығын табыстады. Сонымен қатар қан майданда отан үшін күрескен ҰОС ардагерлерінің есті әңгімелерін тыңдап, бата-тілегін алды.
"Жыл сайын Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы атынан ардагерлерге алғысымызды білдіреміз. Бұл - біз үшін үлкен құрмет, себебі ардагерлердің көзін көріп, олармен тілдесіп, бата алудың өзі жетістік. Әр барған сайын ардагерлер құшақ жая қарсы алып, ыстық ықыласын білдіреді. Ардагерлерді ардақтап, ерлігіне мәңгілік тағзым ету, біз, жастардың басты міндеті", - дейді МО жастар ресурстық орталығының “Жастар жобаларымен шығармашылық бөлімнің бас маманы“ Наурызгүл Тәжедин.
Айта кетейік, қазіргі таңда Маңғыстау облысында алты соғыс ардагері тұрады. Оның төртеуі Ақтау қаласында тұрса, екеуі Бейнеу ауданында тұрады.