Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев облыстағы туристік нысандардың құрылысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы «Town Centre»
көпфункционалды қонақ үй-туристік кешенін, «Тақырыптық ойын-сауық саябағын», «Гольф клубы және виллалары бар гольф-қонақ үй» құрылысын аралады. “Гольф клубы мен виллалары бар гольф-қонақ үй” құрылысы аясында 44,9 га аумақта 98 вилла салынып жатыр. Аталған нысандар жыл сайын 18 250 турист пен жергілікті тұрғындарды қабылдайды.
Сонымен қатар кездесу барысында «Тақырыптық ойын-сауық саябағы» жобасы мен «Town Centre» сауда үйлерін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды.
Сондай-ақ облыс әкімі басқа да бірқатар демалыс орнын аралап, құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
– Өлкеміз - тарихқа өте бай. Табиғатымыздың сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Соның ішінде іргемізде жатқан Каспий теңізінің маңызы зор. Сондықтан өңірде туризмді дамытсақ, облыс экономикасына да ауқымды үлес қосамыз. Қазіргі уақытта мұның барлығын орындауға ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын, ең бастысы, идея, мүмкіндік бар,- дейді кәсіпкер Назим Сулейманов.
Айта кетерлігі, Ақтау қаласының аумағында барлығы 26 туристік нысан бар. Оның 3-еуі балалар сауықтыру лагері, 18-і демалыс базасы және 7-і жағажай аймағы.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі сапалы қызмет көрсету арқылы облысқа туристерді көптеп тартудың маңыздылығына тоқталып, осы салада жүрген кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау мақсатында жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Туризм саласындағы жобаларды іске асыру - өңірге қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді, туризмнің бір саласын ғана емес, экономиканың басқа да сабақтас салаларын дамытуға серпін береді. Бұл сайып келгенде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуына оң әсер етеді.