Құрметті маңғыстаулықтар,
Ардақты ағайын!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – қасиетті жерімізді мекендейтін әр адам үшін аса қымбат. Әрбір қазақстандық үшін туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдық – азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімің символы іспетті. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – бейбітшілік пен татулықтың жемісі.
Жыл сайын осы күнді біртұтас халқымыз ынтымақтың ырыс-несібесін еселеген игі дәстүрді жаңғыртар ерекше мереке ретінде асыға күтеді. Қазақстан аумағында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Оның ішінде Маңғыстау облысында 50-ден астам ұлт өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, бейбітшілік пен достық қарым-қатынаста айтулы мерекені атап өтеді.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ ауызбіршілік нәтижесінде алынбас қамал жоқ екендігін ерте бастан пайымдаған. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, «Жаңа Қазақстанның» жаңғыру жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасаттылығы елімізде этносаралық үйлесім мен қоғамдық келісімнің үндестігін одан әрі нығайтуда.
Осынау сыйластық пен тұрақтылық, тәртіп пен ұйымшылдықтың биігінен бой көрсету баршамызға жүктелген азаматтық парыз деп білемін. Ел басына күн туған қилы заманда да халқымыздың біртұтастығын сақтаған – тонның ішкі бауындай ынтымағы мен тектілігі. Сондықтан туған жердің төсінде, құшағын кеңге жайған егемен еліміздің баянды болашағы үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етіп, іргелі істерге атсалысайық.
Баршамызға ортақ шуақты мереке шұғыласын шаша берсін! Бірлігіміз жарасып, бейбіт өмірде бақуатты ғұмыр кешіп, ырыс-несібе мен құт-берекеміз молая берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Құрметпен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев