Маңғыстау облысында ашылған «Үнді этномәдени бірлестігіне» 1 жыл толды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Елде 7 мың үнді азаматы тұрса, соның 100-ге жуығы Маңғыстау облысында өмір сүріп жатыр.
Этномәдени бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған форумдар мен іс-шараларға белсене қатысады. Бірлестік директоры Надежда Вадодарии және оның жары Хитеш Вадодарии көп жылдан бері облыстағы қайырымдылық шараларда белсенділік танытып жүр. Атап айтсақ, қарттар үйіне барып, қарияларға қуаныш сыйлап, көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға және жетім, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар «Үнді мәдени бірлестігінің» маңғыстаулықтарға үнді мәдениетін кеңінен таныстыруда маңызы зор.
Сонымен қатар «Салем Намасте» ҰМБ жұмысына Үндістанның Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсетуде. Елшілік этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында облыстық Ассамблея кітапханасына 150-ге жуық кітап және Қабиболла Сыдықов атындағы облыстық кітапханаға 251 кітап сыйға тартқан.
Студенттермен де тығыз жұмыс істеу мақсатында этномәдени бірлестіктің ұйымдастыруымен Ш.Есенов атындағы университетте йога орталығы ашылған. Сондай-ақ өңір тұрғындарын үнді мәдениетімен таныстыру мақсатында үнді биі, вокал және музыка блйынша мастер-класстар өткізіліп тұрады.
Бірлестіктің масқаты - облыс деңгейінде ұйымдастырылатын әртүрлі акциялар мен іс-шараларға белсене қатысу.
- Киелі Маңғыстау өңірінде тұрып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Мұндағы тұрғындардың бізге деген ықыласы ерекше. Біз қазақ халқымен достық қарым-қатынаста өмір сүріп жатырмыз. «Бірлік күні» қарсаңында жатсынбай, бауырына басқан қазақ еліне шексіз алғысымызды білдіреміз. Мереке қарсаңында отбасыларыңызға бақыт, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Қазақстан халқының бірлігі нығая берсін! - дейді Хитеш Вадодарии.
ҰМБ 2 мамыр күні «Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай «Ұлы Жібек жолының сахналық қойылымын» өткізуді жоспарлап отыр.