30 сәуірде Ақтау қаласы 27 шағын ауданда орналасқан «Мүгедектік спорт клубында»боччадан тірек-қимыл аппараты зақымдалған мүгедек спортшылар арасында Маңғыстау облысының чемпионаты өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарысқа Бейнеу ауданынан, Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан 26 спортшы қатысады. Жарыс жекелей сында өтеді. Жеңімпаз және жүлделі орынға ие болған спортшылар маусым айының 17-19 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына және балалар паралимпиадалық ойындарының фестиваліне жолдама алады.
«Бочча паралимпиада ойындарының тізіміне енген спорт түрі. Бұл спорт түрі церебралды сал ауруға шалдыққан адамдарға арналған. Ойыншының барлығы қол арбада отырып ойнайды. Ойыншылар BC1, BC2, BC3, BC4 класстарға бөлінеді. Ойын жекелей 1×1, жұптық 2×2, командалық 3×3 есепте өтеді.
Қазіргі таңда облыста бочча секциясына 30-ға жуық адам қатысады. Секцияға балалар 6 жастан бастап қатыса алады. Балалар аптасына 5 рет жаттығады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін бастысы - әр балаға жеке көзқарас табу», - деді бочча спорттының жаттықтырушысы Ақкүміс Бокаева
Оның айтуынша, аталған спорт түрі тактикалық дәлдікті қажет етеді. Спортшыларды төзімділікке, дәлдікке, икемділікке, қимыл-қозғалысты үйлестіру қасиеттерін шыңдайды.