Бүгін, 29 сәуірде №21 мектептің 5-сынып оқушыларына «Балалардың жол қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында профилактикалық шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қалалық полиция бөлімі мен білім бөлімінің өкілдері қатысқан бұл шараны ұйымдастырушы – «TotalEnergies» компаниясы.
«29 сәуір - біздің компанияда «Қауіпсіздік күні» деп белгіленген. Көлік құралдары қарқынды дамыған қазіргі кезде, балалардың жол қауіпсіздігінің маңызы зор. Сондықтан бүлдіршіндер өмірін сақтауға үлес қосайық деп, осы істі атқарып жатырмыз. №21 мектепке оқушылар әртүрлі шағынауданнан көптеп келетінін ескеріп, алғашқы жұмысты осында бастадық», - дейді ұйымдастырушылар.
Компания өкілдері арнайы слайд көрсетіп, жолда жүрудің негізгі ережелерін таныстырды. Балалар да жол қауіпсіздігіне байланысты сұрақтарға жауап беріп, белсенді қатысты. Шара соңында барлық оқушыға естелікке баскиім сыйлады.
Айта кету керек, жақында Ақтау қаласында жас баланы жүргінші жолағында көлік қағып кеткен болатын.