Бүгін 31, 29 а, 29 және Шығыс-1 шағынаудандары қиылысында жол көлік оқиғасы болды. Екі адам зардап шегіп, облыстық ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға сағат 09:50-де болған. «Toyota Alphard» көлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсінен өтіп, «Chevrolet Damaz» көлігімен соқтығысқан. Осыдан кейін «Тойота Альфард» инерциямен «Hyundai NF» көліктерімен соқтығысқан.
«Тойота Альфард» автокөлігі айыппұл тұрағына орналастырылды. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал әкімшілік сотқа жолданды», - деді МО ПД баспасөз қызметі.
Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген науқастың біріні бас, мойын жұмсақ тіндерінің және кеуде қуысының беткей жарақаты диагнозы қойылды. Дәрігерлердің қарауынан кейін үйіне қайтарылды.
«Жол апатынан жедел жәрдеммен қабылдау бөліміне 1978 жылы туған науқас жеткізілді. Науқасқа КТ жасалып, хирургия бөліміне жатқызылды. Бас жұмсақ тіндерінің беткі жарақаты, оң жақ өкпенің соғылуы, оң жақ аяқтың сыртқы тобығының ығысуы, сынуы диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта жағдайы – орташа», - деді облыстық аурухананың травматолог-дәрігері Бердібек Темірханұлы.