Маңғыстаулық 91 оқушы республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, 44-і топ жарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Олимпиадада оқушылар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы 16 пәннен бақ сынады.
Маңғыстулық шәкірттер «Химия», «Қазақстан тарихы», «Ағылшын тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен алға шықты және былтырғыдан екі есе жақсы нәтиже көрсетті.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында өткен республикалық олимпиада нәтижелерінің негізінде мектептер рейтингісі анықталған. Көрсеткіш әр мектептің алған медалі мен сапа коэффицентін ескере отырып есептелген.
Рейтинг қорытындысында өңіріміздегі «Білім-инновация» лицей-интернаты, Ақтау қаласының №13 гимназиясы, ІТ лицейі, Мұнайлы ауданының №3 жалпы білім беретін мектебі, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп, Түпқараған ауданының Ақшұқыр мектеп-лицейі және түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты республикадағы 100 үздік мектептің қатарына кірді.
Облыстағы “Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары тек қана республикалық емес, сонымен қатар халықаралық олимпиадаларда да бірнеше жыл қатарынан жеңімпаз атанып келеді.
Ауыл мектептерінің де жетістіктері аз емес. Атап айтар болсақ, Мұнайлы ауданының №3, №5 мектебі, Қызылтөбе лицейі, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі, Маңғыстау ауданындағы Шетпе гимназиясының оқушылары да жақсы нәтиже көрсетті.
Оқушылардың осындай жетістіктерге жетуіне «Дарын» облыстық қосымша білім орталығының ұйымдастырумен өткен «Балдәурен» демалыс базасындағы оқу ауысымдарының маңызы зор. Оқу ауысымында оқушыларды облыстағы білікті ұстаздар, олимпиада жеңімпаздарының жетекшілері мен халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, республикаға танымал «EDLIGHT ACADEMY» оқу орталығының ең білікті мамандары дайындады.