Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес ауыл маршруттарының автобустарын да кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұл туралы ҚКО-да облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, бұған дейін конкурс қорытындысымен “Aktau Bus” ЖШС жеңімпаз атанып, Рахат, Теңге ауылдары 5 автобуспен қамтылды. Осы кәсіпкер қалған бағыттардың да маршруттарын алып, жаңа автобуспен қызмет көрсетуге ниетті.
"Жалпы Жаңаөзен қалалық қоғамдық көліктерді субсидиялауға 100 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар автобус паркін толықтыру Ақтау қаласында да жоспарланған. «Жолаушы-Ақтау» ЖШС лизингтік бағдарламаны пайдалана отырып, биыл 16 жаңа автобус сатып алу көздеп отыр", - деді басқарма басшысы.
Айтуынша, отанды Yutong ZK 6116HG маркалы автобус сатып алынады. Жобаны қаржыландыруға жергілікті бюджет есебінен бастапқы 20% жарнасы, 166 400 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда, «QazTehna» ЖШС, «Каспий» ӘКК АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, Ақтау қаласының әкімдігі арасында қаржылық лизинг келісімшартына қол қойылды.
Автобустар 2022 жылдың қыркүйек айында облыс орталығына жеткізілетін болады. Бұл автобустардың келуі нәтижесінде Ақтау қаласының автобус парктерінің жаңару деңгейі 100 %-ға жетеді.