Оқу-жаттығу барысында 50-ге жуық адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған аурухананың төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, күзет қызметі, шаруашылық бөлімі және қызмет көрсету орталығының мамандары қатысты.
Маңғыстау облыстық ауруханасы баспасөз қызметінің айтуынша, өрттен сақтану әрекеттерін мамандарға үйрету нақты уақыт режимінде жүрді.
Шара барысында қабылдау бөліміндегі түтінге уланған маманды сыртқа алып шықты. Сол арқылы аурухана қызметкерлері мен ТЖД мамандарының алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану, науқастар мен қызметкерлерді ғимараттан шығару жұмыстарына дайындығы пысықталды. Сонымен қатар жедел әрекетін бақыланып, дайындығы тексерілді.
«Оқу-жаттығудың қорытындысы өртке қарсы қызметтің және аурухананың жеке құрамының дайындығы пысықталғанын көрсетті. Мақсат мен міндет орындалды», - дейді оқу-жаттығуды ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 өрт қауіпсіздігі қағидаларының 14-тармағына сәйкес, тәулік бойы адам аяғы үзілмейтін ғимараттар үшін әзірленген өрт қауіпсіздігі шаралары жарты жылда бір рет пысықталып тұруы тиіс екенін еске салды.