Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының әкімдігі ұйымдастырған «Кітап – рухани азық» атты байқауының жеңімпаздарын марапаттап, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған mangystaumedia.kz сайты.
- Соңғы кездері “Жастар кітап оқымайды, білім әлеміне қызықпайды” деген пікірдің теріс екенін осы бүлдіршіндер дәлелдеп отыр. Кітаппен, біліммен дос болған адамға әрқашан дамудың жолы ашық болады. Балаларымыздың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына кітаптың рөлі зор. Сондықтан ата-аналарды ұл-қыздарымыздың осы үрдістен айнымай, білімге құштарлығын өшірмей, адам ретінде қалыптасуына ерекше көңіл бөлулеріңізді сұраймын. Ұрпағымыз білімді болу арқылы қатарының алды бола алады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кітап оқу дәстүрін насихаттауға арналған байқау осымен үшінші рет өткізілді. Үрдіске айналған сайыс кезеңдеріне барлығы 6 мен 17 жас аралығындағы мыңнан аса бала қатысты.
Байқаудың 3-ші кезеңіне 32 оқушы қатысып, бақ сынады. Олар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінді.
6-9 жас аралығындағы балалар ертегілер мен А.Құнанбаевтың шығармаларын, 10-13 жастағы балалар шешендік сөздер,
Б. Соқпақбаев, М. Әлімбаев шығармаларын, 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер М. Әуезов, Ә. Кекілбаев,
Е. Раушанов шығармаларын оқыды.
Байқаудың мақсаты- кітап оқу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақтың классикалық шығармаларына деген қызығушылықтарын арттыру және
мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету.
Қазылар алқасы қатысушылардың оқыған шығармаларының саны, автор туралы мәліметтер мен шығарманың мазмұнын жетік білуі, есте сақтау қабілеттерін бағалап, жас ерекшеліктеріне қарай I, II, III орын иегерлерін анықтады.