Ауруханада 3315 бала ем алды, бұл өткен жылдан 352 пациентке көп. Сонымен қатар, облыстың аудандары мен қалаларынан жеті мыңға жуық адам консультативтік-диагностикалық көмек алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасай отырып.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері жыл басынан бері 194 жарақатқа диагноз қойды.
"Оның 129-ы - жол-көлік оқиғасы, қырығы - улану, алтауы - биіктен құлау, жетеуі - термиялық күйік салдары", - дейді аурухана басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Ермекбаева.
Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап ауруханада перинаталды қауіп топтарындағы балалардың, оның ішінде дене салмағы тым жеңіл балалардың бір жасқа дейінгі жағдайын бақылау үшін, катамнез кабинеті жұмыс істеп тұр.
"Қабылдау бөліміне жыл сайын 18 жасқа дейінгі 65 мыңға жуық бала жүгінеді. Түрлі жарақаттармен келген 20 мыңнан астам бала шұғыл медициналық көмек алды", - деді Гүлжан Ермекбаева.
Қабылдау бөліміне жыл басынан бері он мыңнан астам науқас жүгініп, үш мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде, жансақтау бөліміне – 147, педиатрия бөліміне – 1027, хирургия бөліміне – 400, травматология бөліміне – 710, жұқпалы аурулар бөліміне 992 адам түсті.