Өзбекстанның Бас консулдығы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқитын студенттер арасында футболдан жолдастық кездесулер мен дойбыдан жарыс ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарыстар студенттерге бір-бірін жақынырақ тануға, барлық жоспарланған ойындарды дос көңілмен өткізуге мүмкіндік берді.
«Іс-шараға қатысушыларды Өзбекстанда дене шынықтыру саласын және бұқаралық спортты дамыту, жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасау аясында жүргізіліп жатқан саясат пен Өзбекстан басшылығының осы саладағы басқа да шешімдері мен бастамалары туралы хабардар еттік», — дейді консулдық өз мәлімдемесінде.
Жасөспірімдер арасындағы турнир қорытындысы бойынша «Тұран» футбол командасы — бірінші, «Спартак» — екінші, «Динамо» — үшінші орынға ие болды.
Дойбыда да жүлделі орындар әділ түрде шын мықтыларға бұйырды. Жеңімпаздарға кубоктар, құрмет грамоталары, сондай-ақ демеушінің логотипі бар футболкалар, бас киімдер, қаламдар мен дәптерлер табыс етілді.