АҚШ елшілігінің Мәдени істері бойынша өкілі Джон Орак қазақ тілін және домбыра тартуды үйреніп жүр. Бұл туралы ол маңғыстаулық жастармен кездесу барысында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Джон Орактың айтуынша, домбырада ойнау сәл қиын болып жатыр.
"Домбыраны ақырындап үйреніп жатырмын. Арасында гитара тартамын. Негізі Америкада гитараны үйрену үшін саусақтарды сандардың көмегімен қойып, музыка ырғағын шығаруға болады. Ал домбырада мұндай әдіс бар ма, жоқ па деп іздеп жүрмін. Ең болмаса, осыған ұқсас методикалық кітап таппадым. Сондықтан маған домбыраны үйрену сәл қиын болып жатыр", - деді Джон Орак.
Десе де АҚШ елшілігінің өкілі Джон Орак келесі Наурыз мерекесінде домбырада ойнауға уәде берді. Сондай-ақ ол қазақ тілін үйреніп жүргенін айтып, қазақша еркін сөйлеуге дайын болатынын жеткізді.
Сонымен қатар Жастар орталығына АҚШ елшілігіндегі гранттар мен бюджет бойынша көмекшісі Серік Дюсалиев келді. Ол өңір жастары және белсенді ҮЕҰ жетекшілерімен кездесті.
Кездесуде АҚШ елшілігінің қолдауымен бөлінетін гранттар мен бағдарламалар таныстырылды. Жобаның тақырыптық мазмұны, оның өтімділігі мен орындалу жолдарын айтып, үкіметтік емес ұйым жетекшілеріне ақпараттық-түсіндіру жүргізді
Джон Орак "Өнер" галереясында
Белсенді жастар да көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап ала алды. Сонымен қатар ұсыныстар айтып, шетелге барып, тәжірибе алмасудың мүмкіндіктерімен танысты.
Одан бөлек өңірдегі мәдени нысандарды аралап, жұмысымен танысты.