Нұрлан Ноғаев Мұнайлы ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнінде Батыр және Қызылтөбе елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есеп беру кездесуінде Батыр ауылының әкімі Сауыт Айтбаев бір жылда атқарылған жұмыстарды баяндап, жоспарымен бөлісті. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Халық ауыз су, көгілдір отын, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді жарықтандыру, мәдениет үйінің құрылысы, мектептегі білім сапасы, т.б. мәселелерді көтерді.
Қазіргі таңда «Самал» ықшамауданындағы 1200 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
Ауыл әкімінің айтуынша, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Астана» шағынауданында 2 медициналық пункт, Тамшалы ықшамауданында бір балалар ойын алаңы және бір спорт алаңын салу жоспарланып отыр.
Жиын барысында тұрғындар сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мәселесін көтерді.
– Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету. Қызмет көрсетушінің өз лауазымын асыра пайдаланып, халыққа дөрекілік көрсетуге құқығы жоқ. Бізде белгілі бір қызмет көрсету бойынша пікір қалдыруға арналған бірқатар желі бар, соның бірі - Telegram қосымшасындағы «Маңғыстау облысының әкімдігі» чаты. Оған кез келген адам кіріп, анонимді түрде сұрақ қойып, өтініштерін жеткізе алады. Ол чатта мен де, әріптестерім де бар. Сондықтан тұрғындардың кез-келген сұрағы жауапсыз қалмайды, – деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, бүгінгі күні Telegram қосымшасындағы «Маңғыстау облысының әкімдігі» чат арнасында (https://t.me/mangystauakimat) 9400-ден астам тұрғын бар, чат ашылғаннан бері тұрғындар тарапынан 5447 сұрақ келіп түскен.
Түстен кейін Нұрлан Ноғаев Қызылтөбе ауылының тұрғындарымен кездесті. Облыс әкімімен кездесуде ауыл тұрғындары ауыз судың жетіспеушілігі, қаңғыбас иттердің көзін жою, денсаулық сақтау саласының сапасы, жаңа мектеп пен спорт кешенін салу, көшелердегі көлік жүретін жолдардың мәселесін көтерді. Аймақ басшысы барлық аудан, қалалар бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетінін, онда мәселелер маңыздылығына қарай шешілетінін атап өтті.
Есеп беру кездесулерінің қорытындысы бойынша облыс әкімі Батыр және Қызылтөбе ауылдарының азаматтарына арнап жеке қабылдау өткізді.