Маңғыстау облысында жыл басынан бері қатерлі ісікке шалдыққан 230 науқас анықталды. Есепте тұрған науқастар саны 4657 жетті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, анықталатын қатерлі ісіктің 104-і немесе 45,2 пайызы сүт безі, жатыр мойны ісігі, өңеш, асқазан және ішек жолдарынан анықталған. Жыл басынан бері 1,2 сатыда анықталатын науқастардың өсімі - 12,7 пайыз. Ал, 4-сатыда анықталатын науқастардың саны 38,2 пайызға түсіп отыр. Өлім-жітім 35,0 промилли жүз мың халыққа есептегенде және 2021 жылмен салыстырғанада 34,1 пайызға түсіп отыр.
- Сондай-ақ, қатерлі ісікті, ерте яғни 0-1 дәрежесінде анықтау деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға өсіп, жалпы анықталған науқастар санының 23,5 пайызын құрап отыр. Көзге көрінетін қатерлі ісіктің өтісіп кету жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда 56,1 пайызға түсіп отыр. Өткен жылы 24,6 болса, биыл 10,8 пайызды құрап отыр. «Онко жоспар» бойынша индикаторлардың орындалуы - 5 индикатор бар. Оның төртеуі бізде 80 пайызға толық орындалып отыр, - деді Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариев.
Онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариевтің айтуынша республика бойынша барлық онкологиялық орталықтарда «жасыл жолақ» атты жоба бар. Бұл қатерлі ісікке қаупі бар науқастарды емханаға келген күннен бастап күнделікті бақылап, онкологиялық диспансерге уақытылы келуін қадағалайды.
- Кейбір тұрғындар өздерінде бұл аурудың болуы мүмкін еместігін айтып жатады. Ал қатерлі ісік өтісіп кеткен, 4 сатыда болған уақытта біз жәрдем бере алмай, ем жүргізу мүмкін емес сәттер болады. Сол себепті халыққа айтатынымыз әр адам мекенжайы бойынша тіркеуде тұрған емханасына уақытылы барып қаралатын болса, оның өмір сүру ұзақтығы да жоғары болар еді, - деді Нұрлан Жариев.
Спикердің айтуныша, өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, ситуациялық орталық ашылды. Нәтижесінде бірінші сатыда анықталатын науқастардың деңгейі оң динамика көрсеткен. Ситуациялық орталық арқылы 140 науқас келген болса, оның 29-ы қатерлі ісіктің бірінші дәрежесінде анықталған. Бұл әйелдер арасында жатыр мойны ісігі, сүт безі ісігі, тері қабаты, қалқанша без сияқты көзге көрінетін қатерлі ісіктер.
- Онкология саласы үш бағытта жұмыс жүргізеді. Бұл хирургиялық емдеу, сәулелік емдеу және химия терапиялық емдеу. Бүгінде облыстағы онкологиялық диспансер бұл үш бағыттың үшеуінде де қызмет атқаруда. Әр емдеу саласы бойынша медицина ғылымдарының докторы, кандидаттары, диагностика, емдеу бағытында қажетті мамандармен қамтылған, - деді Нұрлан Жариев.
Жаңа ғимаратқа көшкен облыстық онкологиялық диспансерде бүгінде 40-тан астам дәрігер қызмет етеді. Сондай-ақ ағымдағы жылы резидентура бойынша диспансердің өзі оқытқан 3 жас маман бітіріп келеді. Диспансерді мамандармен толық қамту мақсатында биыл 2022 жылы 15 маманға онкология саласында резиндентурада оқытуға диспансер есебінен грант бөлініп отыр.
- Клиникалық және диагностикалық зерттеулер өткізу үшін барлық жағдай жасақталған. Иммуноцитохимилық, иммуногистохимиялық, гистологиялық, цитологиялық және клиникалық зерттеу өткізетін зертханамыз, момография және томосинтез өткізу, эндоскопиялық деңгейдегі анықтаулар мен КТ және МРТ қарастырылған. Дәрі тапшылығы мәселесі жоқ. 3 айдың ішінде сәулелік терапия бойынша 120-ның үстінде адам ем алды. Бұрын жыл бойы 160-тай адам ем алып, қалған 260-тан астам адам сәуле терапиясы арқылы басқа қалаларға кететін еді. Енді бір жыл ішінде 600-дей науқасты емдеп шығамыз деген жоспар бар. Себебі бізге басқа да өңірден келіп жатқандар бар. Кез-келген адам аурудың алдын-алу үшін КТ және МРТ диагностикасынан уақытылы өту қажет. 3 жылдан бері облысқа қомақты қаржы бөлінді. Мәселен әр емханада медициналық жүйе бойынша «Онкобағдарлама» арқылы сол жерде қызмет көрсетеді. Өткен жылы 1000-ның үстінде адам КТ және МРТ –дан өтті. Соның ішінде 237 онкологиялық науқас тауып отырмыз. Сол себепті емханаларда да мамандарды да оқытып жатырмыз. Бүгінгі күндегі есеп бойынша облыста 11 КТ, 7 МРТ аппараты бар, - деді Нұрлан Жариев.