Ақтауда көркем гимнастикадан оқу-жаттығу жиыны басталды. Оқу-жаттығу жиынын Өзбекстаннан келген тәжірибелі жаттықтырушы Минера Каллибекова өткізіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу жиынының бағдарламасында жалпы физикалық дайындық, хореография, секіру, тепе-теңдік, айналу, би қадамдарының тіркесімі, айналу арқылы динамикалық элементтердің жасалуы, дененің салмағы мен заттың ауырлығымен жұмыс жасау техникалары қарастырылады.
«Гимнаст ең алдымен еңбекқор болуы керек. Содан кейін жаттықтырушы икемділікті, секіруді, пластика мен хореографияны, пәндік дайындықты дамытады. Яғни гимнастика шеберіне тән барлық қасиет бойынан табылуы қажет. Ең бастысы дисциплина керек», - деді КСРО спорт шебері, Өзбекстан мемлекетінің жоғары ұлттық категориядағы төрешісі Минера Каллибекова.
Оның айтуынша, оқу-жаттығу жиынына 2007-2013 жылдар аралығында туылған 20 спортшы қатысуда. Олардың ішінен үздіктері ҚР чемпионатына қатысу үшін іріктеледі. ҚР чемпионаты мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
«Ел біріншілігі топтық және жеке бағдарлама бойынша болады. Мен маңғыстаулық гимнастшы қыздар спорт шеберіне үміткер атағын және бірінші спорттық разряд алып, сондай-ақ, финалға шығып жеңіске жетеді деген үміттемін», - деді Минера Каллибекова.
Минера Каллибекованың шәкірттері Өзбекстан чемпионатында үздік үштікке еніп жүрген гимнастика шеберлері. Минера Каллибекова КСРО спорт шебері, Өзбекстанның жоғары ұлттық санатының төрешісі.
«Минера Каллибекова жоғары білікті маман. Сол себепті де маңғыстаулық қыздарымыздың шеберлігін шыңдау үшін өз үлесін қосады деген үмітпен оны Маңғыстауға арнайы шақырдық», - деді «Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлзира Ақжігітова.
Оқу-жаттығу жиыны 3Б ш/а «Меловой» спорт кешенінде өтіп жатыр. 30 сәуір күні аяқталады.