«West Recycling Company» ЖШС жұмысшылары үш ай бойы жалақы алмаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін облыс әкімдігінде «West Recycling Company» ЖШС жұмысшылары облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров және Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаевпен кездесті.
«Жұмысшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жерде заңсыз ештеңе жоқ. Мемлекеттік байқау аясында үш мердігер компания бірінші кезеңнен сәтті өтті. Жеңімпаз анықталды, бірақ екінші кезеңде үшінші компания қажетті құжаттарды ұсынбағандықтан, бүкіл процесті тоқтатты. Қазіргі уақытта ішкі мемлекеттік аудит жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша алға қарай қалай жүру керектігі белгілі болады. Айта кетейік, жұмысшылар міндетті түрде ақшасын алады. Мердігермен үш жылға келісімшарт жасалып, 2024 жылға дейін жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсетін болады. Оларға жыл сайын 10 пайыз көлемінде үстемеақы беріледі», – дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев.
Айта кетейік, коммуналдық кәсіпорында 500 адам еңбек етсе, оның 437-сі қарапайым жұмысшылар.