Ақтауда Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөліміне мониторинг жүргізілді. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жабдықтардың жай күйі тексерілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Amanat» партиясы жүргізген мониторинг нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әжетхана салынбағаны және мініп-түсу жолында сынықтар анықталды.
Мекеме мамандарының айтуынша, мүгедектер үшін арнайы жабдықталған әжетхана мемлекеттік сатып алудан өтіп, тапсырыс берілді.
Сондай-ақ орталықта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қалыптасқан. Пандустар, шақыру нүктелері мен арнайы қабылдау үстелдері қарастырылған. Шақыру нүктесін басу арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мамандарды шақырып, арнайы үстелден керекті қызметті ала алады.
Ал орталыққа келе алмайтын азаматтар 1414 нөмеріне телефон шалу арқылы арнайы мобильдік топ мамандарын шақыра алады.
Сонымен қатар мониторингтік топ Маңғыстау облыстық ауруханасына барды.
«Аурухана жанында машина кіруге болмайтыны жөнінде тақтайлар орнатылған. Алайда машина кіріп, мүмкіндігі шектеулі жандар мініп-түсетін пандустардың алдына қойып тастаған. Ескерту беріліп, алынып тасталды. Әрбір азамат саналы түрде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына кедергі болмаса екен», - дейді облыстық мәслихат депутаты Гүлнара Тасболатова.
Айта кетейік, мониторингке Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Гүлнара Тасболатова, Мұнайлы аудандық мәслихат депутаты Абзал Марат қатасты және қоғам белсенділері қатысты.