© Фото tengrinews.kz
Алик Айдарбаев «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы қызметінен кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты kaztag.kz-ке сілтеме жасап.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Алик Айдарбаев пен оның орынбасары Данияр Берлібаев жұмыстан кету туралы өтініш берді. Төрағаның тағы бір орынбасары Данияр Тиесов те қызметтен кетуге ниетті, - деп хабарлады ҚазТАГ редакциясына Қазақстанның мұнай-газ саласының ақпараттандырылған дереккөзі.
Дереккөздің мәліметінше, ҚМГ басшысы лауазымына ықтимал кандидаттар ретінде Қазақстан Президентінің қазіргі кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» басқармасы басшысының орынбасары Құрманғазы Есқазиев қарастырылуда.
Айдарбаев «ҚазМұнайГаз»-ды 2018 жылдың қараша айынан бастап басқарады.
ҚМГ баспасөз қызметі «Айдарбаев пен оның орынбасарлары отставкаға кету туралы өтініш жазды ма?» деген сауалға жауап ретінде оларда мұндай ақпарат жоқ деп мәлімдеді.