Ақтауда «Халық арена» спорт кешені жуырда пайдалануға беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің телеграм каналына қала тұрғыны 17 шағынауданында орналасқан спорт нысаны 2021 жылы салынып, халық игілігіне неге берілмей жатқанын сұраған.
Желі қолданушысының айтуынша, нысан үнемі жабық тұрады. Одан қалса жөндеу жұмыстары бітпейтін көрінеді. Тұрғынның бұл сұрағына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері жауап берді.
Жауаптылардың мәліметінше, «Халық арена» спорт нысанын облыстық коммуналдық меншікке қабылдау барысында құрылыстан ақаулар анықталған. Қазіргі таңда сол ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталаған соң, спорт кешенін халық игілігіне беру уақыты хабарланатын болады, - дейді спорт басқармасындағылар.