Ақтауда меншік иелері бірлестігі және басқарушы компаниялар тұрғын үй маңына көгалдандыру жұмыстарын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, суару мәселесін шешу мақсатында құбырлар мен суару желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
- Біз жасыл-желектерді, гүлдер мен тыңайтқыштарды көтерме бағада келісімшарт жасасып, басқа қаладан алдырып жатырмыз. Сосын көгалдандыруды жүргізетін әріптестерімізге таратамыз. Әкімдікпен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында қаламыздың көркеюіне өз үлесімізді қосқымыз келеді, - дейді қауымдастық төрағасы Қайырғали Қалмұқанов
Қауымдастық мүшелері тұрғындармен бірлесіп, сенбіліктер өткізуді де жоспарлап отыр. Бүгінде қауымдастық құрамында тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 65 мекеме бар. Оның ішінде 45 мүлік иелерінің бірлестігі, қалғандары сервистік және басқарушы компаниялар.