Ораза - жан мен тәнді рухани тазартатын сабыр мектебі. Қасиетті айда жасалатын құлшылық пен облыстағы мешіттерге қатысты сауалдарға жауап алу үшін ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілі, орталық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Әнуар Елжановты әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Әнуар Ізімбайұлы, биылғы ораза туралы кейбір ақпарат көздері наурыздың 3-інде басталады деген ақпарат таратты, соңынан ҚМДБ тарапынан 2 наурыз күні басталатыны жарияланды. Осындай мәселелерге қатысты бірізділік болу үшін ақпаратты қайдан алған дұрыс?
-Ия, кейбір ақпараттық ресурстар оразаны 3 наурыз басталады деп ҚМДБ-ның ресми ақпараты шықпай тұрып жариялап жіберді. Осы тұста айтарым, оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған діни ақпарат беру орталығына немесе «Бекет ата» мешітінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүгінуге болады. Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.
Бұл берекелі ай барлық мұсылмандарды біріктіріп, өзара теңестіреді. Әр мұсылман өзінің әлеуметтік жағдайына қарамастан, бұл айда ораза ұстайды. Бақуатты мұсылмандар ораза ұстау арқылы мұқтаж жандардың халін сезініп, одан сайын жомарт бола бастайды. Ораза ұстау, ауызашар беру, тарауық намазын оқу, садақа беру және өзге де көптеген амалдар арқылы, Рамазан айының әрбір сәтінде Алла тарапынан берілетін мол сауапқа ие болу мүмкіндігіміз бар екенін ұмытпайық. Бұл туралы құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…», деп айтқан. Рамазан–бұл ерекше мезгіл, оны толығымен Алла Тағалаға құлшылық етуге, игі және ізгі істер жасауға, өзімізге есеп беріп, бойымыздағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіруге арнайық дегім келеді.
-Биылғы пітір мөлшері қанша болып белгіленді?
-Биыл пітір республика бойынша 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Бұл сома қалай белгіленді деген сауалға келер болсақ, барлық облыстар азық-түлік бағасына қатысты баға көрсеткіштерін муфтиятқа тапсырады. Сараптай келе ортақ пәтуа негізінде 500 теңге болып белгіленді. Ал, підия (фидия) садақасы – таңғы және кешкі астың орташа бағасымен 3 мың теңге болып белгіленді. Мұны ораза ұстай алмайтын жандар садақа ретінде берсе болады.
-Осы қасиетті айда орталық мешітте қандай шаралар өткізілетін болады?
-Биыл Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде ауызашар шатыры тігіледі. Өңірдегі барлық мешіттерде тарауық намазы, хатым Құран оқылады. Күнделікті бесін намазынан кейін онлайн форматта хатым Құран жасалады. Жоғарыда айтқанымды тағы да еске салып кеткім келеді, имамдар мен ұстаздар оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да бір сұрақтарға діни ақпарат беру орталығы арқылы жауап береді.
Мешіттер тарапынан қайырымдылық шараларына да атсалысу жоспарланған. Атап айтсақ, әлеуметтік жағдайы төмен жергілікті отбасыларға «Рамазан қоржыны», «ауызашар қоржыны» үлестірілетін болады.
-Белгілі себептерге байланысты ораза ұстай алмайтындар бұл парызды қалай өтесе болады?
-Ораза ұстай алмайтын жандарға айтарым, сіздер ең болмағанда ораза тұтқан адамды тамақтандыруға тырысыңыз, осылайша сіз өзіңізге үлкен сауап алу мүмкіндігіне ие боласыз, сондай-ақ ораза ұстаушыға құрмет көрсетіп, оның алдында тамақ ішпегеніңіз жөн болады. Хақ Тағалаға осы мүбәрак айдың келуін тағы бір рет көру мүмкіндігі үшін шүкірлік етейік. Өз тарапымнан, бір-біріміздің қате-кемшіліктерімізді кешіріп, өмірлік қатынастарымызды түзетуге кеңес беремін. Осы мүбәрак айда Алла баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін! Алладан біздің ұстаған оразаларымыз, жасаған құлшылықтарымыз бен тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін деп сұраймын.
-Намаз оқымаған адамның оразасы да қабыл болмайды деген дұрыс па? Осылай кесіп айтуға негіз бар ма?
-Исламда бес парыз бар. Ораза мен намаз жеке құлшылықтар. Намаз оқымайтын адамға ораза ұстауға әбден болады. Намаз оқымайтын адамдар да осы айда ниет етіп ораза ұстаса, көл-көсір сауапқа ие болады. Қабыл болмайды деп айту – қате түсінік. Исламда қандай да бір жағдайға байланысты пәтуа айтуда жан-жақты зерттеліп, себебіне терең үңілу қажет.
- Ақтаудағы орталық мешіт жанында жұма күндері мен ораза айы уақытында айтарлықтай үлкен көлік кептелісі орын алады. Осы орайда келесідей сұрақ туындап отыр – 17 шағын аудандағы қалалық мешіт неге жұмысын тоқтатты? Тағы бір өзекті мәселе - төменгі шағын аудандарға бір мешіттің керек екенін тұрғындардың айтып жүргеніне де бірашама уақыт болды.
-Облыс бойынша 35 мешіт болса, оның екеуі Ақтау қаласында. Аймақ бойынша 9 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Рамазан айынан соң өңірде 3 мешіт пайдалануға беріледі. 17 шағын аудандағы қалалық мешітте құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына байланысты тұрғындар қазір облыстық орталық мешітке келеді.
Ия, жұма намазы кезінде жамағат өте көп жиналуда, келушілер саны күн санап артып келеді. Осы тұста мешітке жақын тұратын тұрғындарға айтар өтінішім, алдағы ораза айына қатысты болып отыр. Кептеліс көп болмауы және алыс тұратын тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мешітке жақын шағын аудандарда тұратын адамдардан жаяу келуін сұрар едім.
Төменгі шағын аудандарда мешіт салу жалпы жоспарда бар. Жергілікті атқарушы билікке төменгі шағын аудандарда мешіт құрылысын бастауға жер телімін беру бойынша ұсыныстарды қойып жатырмыз. Қазір осы мәселе жан-жақты қаралып жатыр. Егер жер телімі берілсе, салуға дайын кәсіпкер азаматтар баршылық.
-Облыстағы мешіт имамдарының біліктілігі, білімі қай деңгейде?
-Имамдардың тең жартысы арнайы жоғары оқу орнын, қалғандары медресе тәмамдаған. Осы жылы да жоғары оқу орнын тәмамдаған бірнеше маманды жұмысқа қабылдау жоспарда тұр. Тұрғындар кез-келген уақытта аймақтағы мешіттерге барып, имамдарға жолығып, сауалдарын қоя алады. Имамдар әлеуметтік желіде де белсенді, мазалаған сауалдарды инстаграмм, фейсбук желілері арқылы да қоюға болады.
-Мешіттер жанындағы сауат ашу курстары жеткілікті ме? Кімдер дәріс береді?
-Облыста медресе статусына ие болған оқу орны әзірге жоқ, сауат ашу орталықтары бар. Аталған орталықтарға қойылатын талаптар жоғары. Онда білімі жоғары ұстаздар дәріс береді. Сауат ашу орталықтарында мектеп жасындағы және мектепті тәмамдаған жасөпірімдер діни білім алуда. Мұнайлы ауданындағы «Миғраж» мешіті мен Ақшұқыр ауылдық мешітінің іргесінде сауат ашу орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Жаңаөзен қаласында 2 сауат ашу орталығының жұмысы толықтай бітіп, жақын арада пайдалануға беріледі.
-Рамазан айы кезінде садақа, ас беретін кездер де болады. Алайда, көпшіліктің аузы берік болғандықтан кейде бармай қалып жатады.
-Ислам ғұламалары күндіз ас беруді құп көрмеген. Осы айда ораза ұстай алмасақ та, аузы берік жандарға құрмет көрсетуіміз керек. Садақаны рамазан айы басталмай тұрып немесе аяқталған соң, тіпті болмай жатса ауыз ашар уақытында, яғни кешке берген жөн.
- Қасиетті айдың қарсаңында тұрғындарға айтар тілегіңіз...
-Келе жатқан қасиетті Рамазан айы баршамызға мүбарак болсын. Өзімнің және облыстағы барлық дін қызметкерлерінің атынан осы ұлық мерекемен құттықтаймын. Алла Тағала әрбір ісімізді сауаптан қылғай. Қасиетті айда жасаған ғибадаттарымыз бен амалдарымыз қабыл болып, ел іргесі аман болсын!
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА