30 наурызда Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласына барған жұмыс сапары барысында қала маңындағы Қызылсай ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде ауыл әкімі Расул Әбішаев есеп беріп, 2022 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде жиналғандарды облыста жүргізіліп жатқан жұмыстармен хабардар етіп, сұрақтарға жауап берді және жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.
Облыс әкімімен кездесуде тұрғындар әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, банк бөлімшелерін ұлғайту, қоғамдық көлік, ауыл шаруашылығы, ауыз су, азық-түлік бағасы және жолдағы қауіпсіздік мәселелерін көтерді.
Өңір басшысы көтерілген мәселелер басымдылығына қарай жүйелі түрде шешілетінін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Тиісінше, біздің алдымызда барлық мәселелерді бірлесіп және жүйелі түрде шешу міндеті тұр. Біз бұл бағытта екі басты қағиданы қолданатын боламыз. Бұл мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтық пен әділдік. Өңірдің, Жаңаөзен мен қала маңындағы ауылдардың бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселесі - ауыз су. Бюджет қаражаты бірінші кезекте осы мәселені шешуге бағытталатын болады. Екінші кезекте, біздің балаларымыз үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету міндеті тұр. Қалған мәселелер басымдықтарға байланысты жүйелі түрде шешілетін болады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі Қызылсай ауылында тұратын азаматтарды жеке қабылдады.
Айта кетсек, Қызылсай ауылында 7500 адам тұрады. Елді мекенді «Өзенинвест» кәсіпорны сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл бойынша 1047 тұрғын үй су құбырына қосылған. Өткен жылы 28 тұрғын үй су құбырына қосылды. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласының кешенді даму жоспары аясында 2020-2021 жылдары Қызылсай ауылының су құбыры тартылмаған кейбір көшелеріне атап айтқанда, Оңтүстік ауыл, М.Өскінбаев, М.Өтемісұлы, Қ.Сәтбаев көшелеріне және Қаламқас қорымына жалпы ұзындығы 1670 метр су құбыры тартылды.
Жұмыс сапарының бірінші күнінің қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.