Нұрлан Ноғаев Орталық мәдениет үйінде Қарақия ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есеп беру кездесуінде аудан әкімі Қыдырберді Беков 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, 2022 жылға арналған міндеттер туралы айтты. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде аудан тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту, қаңғыбас иттерді ату, спорт залын, кәріздік тазарту құрылысын салу мәселелерін көтерді. Нұрлан Ноғаев, өз кезегінде көтерілген мәселелер басымдықтарына қарай жүйелі түрде шешілетінін атап өтті.
Бұдан кейін облыс әкімі Құрық ауылында азаматтарды жеке қабылдады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Қарақия кәсіптік колледжінің жұмысымен танысты. Онда жеті мамандық бойынша білім алады: автомобиль шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, сәулет және құрылыс, тігін өндірісі және киім үлгілеу. Оқу орнында 200 орындық жатақхана жұмыс істейді. Бүгінгі таңда барлығы 394 студент білім алуда. 2021 жылы колледжді 118 түлек бітіріп, оның 84-і мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
Колледж жұмысымен танысқан аймақ басшысы аудан жастарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жастар облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын айтты. Жастар көтерген мәселелер негізінен әлеуметтік мәселелерге қатысты болды. Өңір басшысы бүгінгі болашақ білімді, сауатты, бәсекеге қабілетті жастардың қолында екенін атап өтіп, жастарды азаматтық қоғамды дамытуға қатысуға шақырды.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты тұлғаларға азаматтық қоғамды дамыту, оның әлеуетін нығайту үшін бар күш-жігерін салуды тапсырды. Азаматтық қоғам неғұрлым күшті болса, ел соғұрлым күшті болады. Ол үшін қазір барлық жағдай жасалған, жоспарымызды жүзеге асыру ғана қалады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі Құрық ауылында орналасқан "Аксон Мед" оңалту және қайта бейімдеу орталығында болды. Онда 40 адам жұмыс істейді.
Орталық түрлі операциядан кейінгі және жүрек-қан тамыр, бел-омыртқа аурулары мен спорттық жарақаттарды оңалту, қалпына келтіру қызметін көрсетеді.
Мекемеде қимыл жаттығуларына, сумен, токпен, тұзбен емдеуге, парафинмен емдеуге және физиотерапияға арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Орталықтың күніне 200-ге дейін емделушіні қабылдау мүмкіндігі бар.