Бұл туралы Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мерекелік шараға облыстық аурухананың директоры Жәнібек Сұлтанұлы және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен "Аналар кеңесі" ҚҚ төрайымы қатысты.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова ақ халатты абзал жандарды құттықтап, пандемия кезінде жасаған еңбектерін еске алып, алғыс айтты.
"Қиын, ауыр күндерді еңсерген дәрігерлерге алғыс айтамын! Сіздер арқалаған жауапкершілік, қызметтеріңіз ел үшін маңызды. Covid-19 кезінде сіздердің үй көрмей, адам жанын аман алып қалу үшін жасаған жұмыстарыңыз әлі есімізде", - деді облыс әкімінің орынбасары Г. Қалмұратова.
Сонымен қатар ол аурухананың жетістіктері мен мүмкіндігін айтып, дәрігерлер жұмысына сәттілік тіледі. Наурыз мерекесімен құттықтады.
Содан соң дәрігерлерге қолдау білдіріп келе жатқан өңір кәсіпкерлері бір топ медицина қызметкеріне мерекелік сыйлық табыс етті.
"Көктемнің шуақты күнінде Амал мерекесін, Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Осы мерекеге арнайы келген қонақтарға көп рақмет. Әрине, қиын кезең болды, десе де біз бұл кезеңнен өттік. Әрбір қиындықтан кейін жақсылық, жеңілдік болатыны белгілі. Сондықтан сіздерге Наурыз мерекесінде тек қуаныш, жақсылық, жетістік тілеймін!", - деді облыстық аурухананың директоры Жәнібек Сұлтанұлы.
Шара барысында облыстық филармония әншілері ән айтып, қыздар би биледі. Қазақ салт-дәстүрін насихаттайтын қойылымдар қойылып, шашу шашылды. Тартысқа толы ұлттық ойындар ойнатылды. Қонақтар мен дәрігерлерге арналған ақ дастарқан жайылды.