Бұл туралы Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов қоғамдық коммуникация орталығында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жыңғылды ауылында спорт залдың құрылысы жүруде. 2021 жылы конкурс өткізіліп, жеңімпаз «Оңдасын Строй» ЖШС танылған. Бұдан бөлек, Онды ауылында спорт кешенін ашу жоспарланып отыр. «Корпарация Асыл-Строй» ЖШС-мен келісім шарт жасақталған. Келісім шарт сомасы 6 млн 822 мың теңге. 2021 жылы 1,5 млн теңге қаржысы игерілді. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүргізілуде»,- деді Тілек Көшмағанбетов.
Жалпы, ауданда 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 бокс залы, 1 күрес залы, 2 жүзу бассейні, 1 орталық стадион, халықтың спортпен айналысуына қолжетімді 11-спорт кешені, 18-ашық спорт алаңы, 25 – балалар ойын алаңы бар.
2021 жылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Шоқыр Бөлтекұлы атағы берілген. Ш.Бөлтекұлы атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде атбегілік, құсбегілік, жеңіл атлетика, садақ ату спорт түрлері бойынша топтар ашылып, қазіргі таңда спорт мектебінде барлығы 17 топ, 1242 спортшы спорттың әр түрімен айналысады.
Жыл қорытындысымен қазақтың ұлттық саятшылық кәсібін насихаттап жүрген Тұщыбектік құсбегі А.Тайманов Елордада ұлттық спорттың үздігі «Алтын Тұғыр-2021» сыйлығын иеленді. Жыңғылды ауылының тумасы Нұрсұлтан Омардың бастамасымен садақ ату спорт залы ашылып, 10 жасөспірімді ұлттық спортқа баулуда.