Ақтаудағы «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары Алматы қаласында математика пәні бойынша өткен олимпиадада бір алтын, екі қола медаль алды. «Жібек жолы» ХХІ халықаралық олимпиадасы 9-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім орталығына сілтеме жасап.
Олимпиада 8-9 наурыз аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен. Білім сайысын республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Олимпиаданың мақсаты математика саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау үшін жағдай жасау. Сондай-ақ сайысқа қатысушы елдер арасында халықаралық білім беру және ғылыми байланысты нығайту.
Олимпиадаға Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Тәжікстан және т.б. елдердің жас математиктері қатысты. Оқушылар күрделі есептерді шешіп, тәжірибе алмасты. Еліміздің жас математиктері бұл олимпиадаға 2003 жылдан бері қатысып келеді. Биылғы сайыста еліміздің 46 оқушысы үздіктер қатарынан көрініп, жүлдегер атанды. Сегіз оқушы ҚР Білім және ғылым министрлігінің І-дәрежелі дипломымен марапатталса, 14 оқушы ІІ-дәрежелі диплом алды. Тағы 24 қатысушыға ІІІ-дәрежелі диплом табысталды.
Халықаралық олимпиадада Маңғыстау облысының намысын 7 оқушы қорғады. Жүлдегерлердің қатарында Ақтаудағы «Білім-инновация» лицей-интернатының үш оқушысы бар. Атап айтқанда лицей-интернатының оқушылары Абу Әділет І орын, Абу Абылай мен Дүзелбай Ернар ІІІ орын иеленді. Енді жеңімпаз оқушылар 15 наурызда өтетін XXXIV халықаралық Азия-Тынық мұхиты математика олимпиадасында бақ сынайды.