Бүгін, 2 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев дзюдодан жастар арасында республикалық чемпионаттың ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық шараның ашылу салтанатына
Қазақстан Республикасының дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев, Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев қатысты.
Ақтауда наурыз айының 2-5 күндері аралығында дзюдодан 2002-2004 ж. туған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Бұл бәсеке Азия және Әлем чемпионатына қатысу үшін іріктеу жарысы. Ел біріншілігіне Қазақстанның 14 облысынан және Шымкент, Алматы, Нұр-сұлтан қалаларынан 450-ден астам татами шеберлері қатысады. Жарысқа Маңғыстау облысынан 18 ұл, 7 қыз барлығы 25 спортшы қатысуда.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев чемпионаттың ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Маңғыстауда жас спортшылардың республикалық жарысының өтуі біз үшін үлкен абырой және үлкен жауапкершілік. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Президент өзінің әрбір Жолдауында спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауға нақты міндеттер қояды. Өйткені біздің жас спортшыларымыз-болашақ чемпиондар және еліміздің мақтанышы. Мемлекетіміздің туын биікке көтеретін жастарымыз көп болсын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі жарыс нәтижесі бойынша ұлдар арасында -60 келі салмақ дәрежесінде
1-орынды Ақтөбе облысынан Жанарыс Рахметқали, 2-орынды Маңғыстау облысынан Нұрсұлтан Жұбатхан, 3- орынды Қостанай облысынан Алжан Нұрәділ жеңіп алды.
Ал, қыздар арасында -48 келі салмақта 1-орын Қарағанды облысынан Нұрайым Сарсенбекке, 2-орын Қызылорда облысынан Жанерке Асқарова,
3-орын Атырау облысынан Аян Дүйсенбайға бұйырды.
2 наурызда бастау алған республикалық чемпионат 5 наурыз күні қорытындыланады.