Ақтауда 17 шағынауданда орналасқан ескі мешіттің орнына қазір "Алты құлаш Әулие" мешіті салынып жатыр. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай фейсбук парақшасына жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қала әкімінің айтуынша, бұған дейін құрылысшылар мешіттің іргетасын қалаған. Енді қабырғаларының құрылысын кіріскен.
"Мешіт келесі жылы жазда пайдалануға беріледі. 1 500 жерлесіміз иық тіресіп, Жаратқанға қазағымның даласына берген берекеті мен бақытына, ырысы мен ынтымағына мың алғыс айтатын болады. Жақсы күндеріміз сарқылмағай!" - деп жазды қала әкімі Н.Қилыбай.
Сонымен қатар ол 39 шағынауданда салынып жатқан "Ержан Хазірет" атындағы мешіттің құрылысы жақында аяқталатынын атап өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер фейсбуктен алынды