Жыл басынан бастап елімізде көптеген өзгерістер орын алды. Алдымен үкімет үйінен бастау алған жаңашылдық партияны да айналып өтпеді. Жыл басында кезектен тыс ХХІ съезд өтіп, партия төрағалығына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Сол кезде партия жұмысын жаңғыртуға, модернизациялау жұмыстарын жүргізуге бірқатар тапсырма берген болатын.
1 наурыз партия күнінде ХХІІ съезд өтіп, партияның жаңадан сайланған атқарушы хатшысы А.Оралов партия жұмысындағы жаңашылдықтар туралы мәлімдеді. Партияның жаңадан сайланған атқарушы хатшысы А.Оралов алдағы уақытта жаңартылған жеті бағытта жұмыс жасайтынын айтып, партияның ашықтығы мен халыққа жақын болуы керектігін жеткізді.
«Партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаларға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады», – деді А.Оралов.
Ал, мемлекет басшысы заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық екенін, уақыт талабы екенін айтып, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдайтынын жеткізді. «Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым»-деп атап өтті.
«Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», - деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің құндылықтарына тоқталды.
Абылайхан АХМЕДОВ,
«Nur Otan» партиясының Мұнайлы аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары,
Мұнайлы аудандық мәслихат депутаты.