«Автобус» жедел-алдын алу шарасының бір күнінде өткізілген рейдтік жұмыстар барысында 133 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оның ішінде жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзудың 1 дерегі, көлік құралдарын заңсыз жабдықтаудың 14 дерегі, уақтылы техникалық байқаудан өтпеудің 23 дерегі, ұялы телефонмен сөйлесудің 47 дерегі, рейс алдындағы міндетті техникалық және медициналық байқаудан өту талаптарын бұзудың 1 дерегі, маневр жасау қағидаларын бұзудың 34 дерегі анықталды. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалар толтырылып, тиісті әкімшілік шара қолданылған.
- Маңғыстау облысы Полиция депаратаменті автобус жүргізушілері мен автопарк басшылары жол қозғалысы және жолаушыларды тасымалдау ережелерін әрдайым есте сақтауы және бұзбауы тиіс екенін, олар өз жолаушылары мен жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауап беретінін еске салады. Қоғамдық көлікке отырған кезде адамдар өздерін толықтай қауіпсіз сезінуі керек, - делінген ведомство хабарында.
Айта кетейік, облыс аумағында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы жолаушыларды қоғамдық тасымалдаумен айналысатын автокөліктердің арасындағы апаттардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау мақсатында 21 ақпан – 2 наурыз аралығында өтеді.
Бұл шара көлік жолдарында жолаушылар мен жүктерді тасымалдаумен айналысатын көлік жүргізушілері арасында көліктік тәртіпті арттыру үшін жасалып жатыр.