Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілі, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов мәлімдеді.
Маңғыстау имамдары азаматтарға бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтап және антисептиктерді пайдаланып жүруге кеңес береді.
-Бұл қабылданған шешімдер баршамыздың денсаулығымыз үшін жасалып жатқан шаралар деп қабылдап, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Неке қиюға, Құран оқытуға келген адамдар 15 минуттан ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс және мешітімізге «ашық» қосымшасымен және бетпердемен кіре алады. Сонымен қатар қазіргі елдегі індеттің күшеюіне байланысты облысқа қарасты мешіттер жұма күндері сағат 11:00-15:00-ге дейін жабық болады, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілі, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.
Ал Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаровтың айтуынша, бұл шектеу шараларының барлығы өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес қабылданып жатыр.
-Маңғыстау облысының бас санитариялық дәрігерінің 14 қаңтар 2022 жылғы №1 қаулысына сәйкес, адамдардың қатысуымен өткізілетін барлық іс-шаралардың өткізілуіне тыйым салынған. Оның ішінде атап айтқанда діни бірлестіктер объектілерінде (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) ұжымдық іс-шаралар (жұма-намаз, діни жоралар және т. б.) өткізуге тыйым салынып отыр. Осыған байланысты, карантиндік шараларды сақтап, тұрғандар арасында аурудың өршіп кетпеуін қадағалау қажет,- деді Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров.