Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның бірқатар қызметкеріне мемлекеттік награда табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева, облыстық «Маңғыстау» газетінің редакторы Ғалым Әріп, газет редакторының орынбасары Валентина Қозыбақова, «Огни Мангистау» газетінің редакторы Марина Калаганова және фототілші Серік Майемеров «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
«Маңғыстау Медиа» ұжымында – 5 медаль. Бұл – ортақ марапат. Бүгін өз ісінің майталмандары, жанашырлары марапат төрінен көрініп, мерейімізді өсірді. Біздің ұжымға жоғары баға беріп, жаңалық жаршыларының еңбегін ескергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Өңіріміз көркейіп, еліміз дами берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын!», - деді директор Айсұлу Қабышқызы.
Сонымен қатар ол «Маңғыстау Медиа» қызметкерлерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Шара барысында медиа орталықтағы үш тәуелсіздік құрдасы, атап айтқанда, «Маңғыстау» газетінің журналисі Ханым Қуатова, «Маңғыстау Медиа» мекемесінің шаруашылық меңгерушісі Мадина Алдонгарова және жүргізуші Смағұл Қойбағаровты қаржылай сыйақымен марапаттады. Сондай-ақ газет шығаруда аянбай еңбек етіп жүрген, көп жылдық тәжірибесі бар беттеуші-дизайнер Жұмагүл Абылановаға да сыйақы табысталды.
«Маңғыстау Медиада» қуаныш еселенді. Яғни, мекеменің ІТ-маманы Асқар Күмісов мереке қарсаңында әке атанды. Айтуынша, есімін Ақтаң деп қойған. Азат елдің ұрпағы, отбасының көз қуанышы боп дүние есігін ашқан сәбидің ата-анасына медиа басшылығы мен қызметкерлері ақ тілегін арнады. Осы ретте директор Айсұлу Қабышқызы әке атанған Асқар Басанұлына өз құттықтауын жеткізіп, сыйақы берді.
Айта кетейік, одан бөлек барлық қызметкерге мерекелік сыйақы уақытылы үлестірілді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА