© Суретті түсірген Т. Құсайын
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров мәлімдеді.
Бүгінгі таңда өңірде тұмауға қарсы 120 376 адам екпе салдырды. Бұл облыс халқының 16,3% қамтиды. Қазіргі уақытта аймақта 99 тұмау жағдайы тіркелген. Тіркелген барлық тұмау жағдайы зертханалық зерттеу әдісімен дәлелденген.
-Біздің өңірге 120 376 тұмауға қарсы вакцина жеткізілді. Оның барлығы тұрғындарға салынды. Бұл тұмаудан қорғанудың бірден-бір жолы. Қазіргі таңда тұмауға қарсы вакцина алғысы келетін тұрғындар болса, олар жекеменшік емханаларға барып ақылы түрде салдыра алады, - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Жалпы соңғы кезде өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Өткен тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясының 3 жағдайы тіркелді.
Баспасөз конференциясы барысында Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев «Pfizer» вакцинасын салдырудың маңыздылығына тоқталды.
- Облысқа 35 100 доза «Pfizer» вакцинасы жеткізілді. Бүгінгі күні аталған вакцинамен - 2129 адам егілді. Оның ішінде 12-18 жастағы жасөспірімдер – 1335, бала емізетін әйелдер – 565, жүкті әйелдер – 229. Қазіргі уақытта ата-аналардың келісімін алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда, - деді Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев.