Ақтауда тұрғын үй төбесінде тауық баққан тұрғын баспаналы болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жақында қоғам белсендісі Дәулет Мұқаев тұрғын үй төбесінде қора салып, тауық асыраған тұрғын туралы естіген соң Ақтауға келген. Осылайша ол көпбалалы отбасыға үй сатып алу туралы бастама көтерген еді. Нәтижесінде қайырымды жандардың көмегімен 1-2 күнде 12,5 миллион теңге жиналды. Аталған қаражат көп балалы отбасына үй сатып алуға жұмсалды.
Қазір Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы 20 сотық жер учаскесі бар үй Руслан Тниевтің меншігінде. Қалған қаражаттың бір бөлігі аулаға сарай салуға, сонымен қатар азық-түлік дүкенін ашуға жұмсалады.
«Бұл біз үшін үлкен тосын сый болды. Қайырымдылық қорының басшысы Дәулет Мұқаевпен бірге көмек қолын созған азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұнда тауық пен қояннан бөлек, басқа да мал бағатын боламын», - деді Руслан Тниев.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА