Жуырда «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Аграрлық сектордың дамуы жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда өңірде жауын-шашын мөлшерінің жетімсіздігіне байланысты орын алған қуаңшылық салдарымен күрес, ауыл шаруашылығы нысандарын қысқы жем-шөп қорымен қамтамасыз ету барысы, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалысы талқыланды. «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы орынбасары Е.Әбілов, кеңес төрағасы, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Б.Ізімтаев, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары А.Нұғманов, «Caspiy» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары К.Тастемиров қатысты.
Алдымен А.Нұғманов төрт түлікті жем-шөппен қамту, қысқы мал азығының қорын жасақтау даярлығы жайлы мағлұмат берді.
«Баршаға мәлім Маңғыстау облысында биылғы қуаншылыққа байланысты өңірді мал азығымен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің біріне айналды. Жыл басынан бері облысымызды мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірнеше жиналыстар, кездесулер, тікелей эфирлер өткізіліп, осы бағытта хаттамалар жасақталып, тиісті тапсырмалар берілді. Мал азығын қамтамасыз ету мақсатында республиканың өзге өңірлерімен, атап айтсақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарымен және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен де кездесулер өткізіліп, мемарандумдар жасақталды. Облысты мал азығымен қамтамасыз ету және нарықтағы мал азығы бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылы «Каспий» ӘКК-ы арқылы қайтарымды қаражат ретінде жергілікті бюджеттен 2,1 млрд.теңге қаражат қаралды. Бұл ретте, «Каспий» қоры арқылы операторларға 0,1 пайызбен 1,1 млрд. теңге көлеміндегі қаржы 14 864 тонна шөп, 9 900 тонна жем сатып алуға берілді. Бұл жем-шөп нарықтан 10-15 пайыз төмен бағада халыққа ұсынылатын болады. Қазіргі таңда, 428 млн. теңгеге 5 787 тонна шөп және 207 млн. теңге қаржыға 2050 тонна жем сатып алынды. Аталған бағыт бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Жалпы шөп мәселесіне келетін болсақ, жыл басынан бері қазіргі күнге дейін тасымалданып, дайындалған шөптің көлемі 69 259 тоннаны құрады. Ал жемнің көлемі 40 593 тоннаны құрады. Бүгінгі күнгі қала, аудандардағы қыстық мал азығының шөп қоры: Жаңаөзен қаласында – 405 тонна; Бейнеу ауданында – 1235 тонна; Қарақия ауданында – 487 тонна; Маңғыстау ауданында – 1640 тонна; Мұнайлы ауданында – 855 тонна; Түпқараған ауданында – 1363 тонна яғни, облыс бойынша қоймада барлығы 5985 тонна шөп жинақталды, шөп қорын жинақтау жұмыстары жалғасуда»,-деп атап өтті Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.
Оның мәліметіне сүйенсек, қала, аудан аумақтарында орналасқан 45 ауылда қыс айларына арналған мал азығы қораларында сақтаулы. Жалпы көлемі 25 980,7 тонна шөп және 12 475 тонна жем бар. Оның ішінде жеке азаматтардың қысқа сақтаған мал азығы 10 620 тонна шөп және 3599 тонна жем бар, ал шаруа қожалықтардың қораларында қысқа сақталатын мал азығы 15 448 тонна шөп және 5688 тонна жемді құрады. Сонымен бірге, «Красный полумесяц» қоғамдық қоры 118 млн. теңге көлеміндегі қаржыны мал шығыны болған 725 шаруаларға жем-шөп сатып алуға арнайы үлестірді. Маңғыстау облысы әкімдігі жанынан арнайы ашылған Фонд «КазИмпэкс» қоры арқылы 27,1 млн. теңге қаражатқа Қостанай облысы, «Романа-НАН» ЖШС - нен 300 тонна жем әкелініп, нарық бағасынан 20 пайызға төмен бағада шаруа қожалықтарына таратылды. Сондай-ақ, «ОлжаАгро» ЖШС-і облыс әкімімен мемарандумға отырып,нәтижесінде екі жақ ұйымдастырумен 250 тонна шөп және 180 тонна жем зардап шеккен шаруаларға тегін таратылды.
«Жалпы, бүгінгі күнге дейін республикамыздың өзге облыстарының еріктілері, жеке кәсіпкерлер, маслихат депутаттары, «Қазақстан темір-жол» АҚ және әкімдіктер көмегімен 165 вагон, яғни 3800 тоннаға жуық тегін шөп өңірімізге қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруаларға (жеке қосалқы шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарға) тегін жеткізілді. ҚТЖ шығыны 75 пайызға жеңілдетіліп, нәтижесінде Маңғыстау облысына келген 771 вагон шөп, 639 вагон жемнің жол шығыны 800 394 706 млн. теңгеден 153 649 420 млн теңгеге төмендеп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Үкімет резервінен өңіріміздің ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд. теңге мөлшерінде бөлінген қаржының жем-шөп сатып алу мақсатында, 281 074 мал басына 1,248 млрд. теңгеге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілд»,-деп мағлұмат берді А.Нұғманов.
Сондай-ақ жиында К.Тастеміров «Caspiy» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мал азығы қорын алдын-ала даярлау бойынша атқарған жұмыстары жөнінде баяндады.
«Маңғыстау облысының мал азығы қорын тұрақтандыру мақсатында облыс бюджетінен «Каспий» ӘКК» АҚ-на 2,3 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға 4 түрлі мал азығын 3 және 4 классты бидай, кебек, арпа, шөп жеткізу міндеттелді. Маңғыстау облысының аудандар мен қалаларына жоспарланған жем көлемі 10 825,1 тоннаны, ал шөп көлемі 13 958,2 тоннаны құрайды. Өңіріміздегі құрғақшылыққа байланысты, «Каспий» ӘКК» АҚ Маңғыстау облысының ауыл шаруашылық басқармасымен бірлесіп, 54 170 мың теңгеге 637,294 тонна, яғни, 10 вагон арпа жемін сатып алды және Маңғыстау облысына 20.06.2021 жылы жеткізілді. Аталған 10 вагон әр ауданға теңдей бөлінді. Қайтарылған қаржыға қосымша «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ- мен 546,304 тонна, яғни 9 вагон арпа жемі сатып алынды. Аудандардан ұсынылған операторларға несие ретінде мал азығын өңірімізге жеткізуге берілді. Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер жөніндегі штабтың хаттамасы бойынша облыс бюджетіне «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-нан дәрілік препараттарды сатып алуға демеушілік көмек түрінде бөлінген 150 млн. теңге сомасындағы қаражатты 2021 жылдың 15 желтоқсанына дейін уақытша жем-шөп сатып алуға пайдалануға бөлінді. «Каспий» ӘКК» АҚ аудандар мен қалалар ұсынған операторларға 0,1 пайызбен 2021 жылдың 15 желтоқсанына дейін 150 млн. теңге көлемінде қаражатты несие ретінде берді. Келісімшарт бойынша 2 363,634 тонна шөп жеткізу және 1 келі шөп 55 теңгеден сатылуы міндеттелді. Өңірдегі азық қорларын тұрақтандыру мақсатында, Маңғыстау облысы әкімінің 31.08.2021 жылғы № 214 қаулысымен Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен қыстық кезеңге ауыл шаруашылығы жануарларына азық (шөп) сатып алуға 2,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы аудан және қала әкімдіктері ұсынылған операторларға несие ретінде берілді. Келісім-шарт бойынша 11 594,6 тонна шөп қыстық қорда сақталып 1 кг шөп бағасы 74 теңгеден асырмай сату бекітілді. Жоғарыда атап өткен 2,1 млрд. теңгеден Маңғыстау облысының әкімдігінің резервінен 1 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттың 107 млн. теңгесі «Азық – түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік қоғамынан келісім-шарт негізінде 983,4 тонна 3 және 4 классты бидай өнімін сатып алуға жұмсалды. Қалған 893 млн. теңге қаражаты аудандар ұсынған операторларға несие ретінде беріліп, Маңғыстау облысы аудандарына 8 128,7 тонна жем әкелу жоспарлануда»,-деп мәлімдеді К.Тастеміров.
Иесіз құдықтар есепке алынуда
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жасақталған Жол картасында қор тереңдігін, су сапасын көрсету арқылы кемінде 20 жұмыс істеп тұрған және бітелген құдықтарды жыл сайын зерттеу мен реконструкциялауға қол жеткізу көзделгендігі мәлім. Деректерге сүйенсек, облыс аумағында қазіргі таңда 447 иесіз құдық анықталып, сәйкесінше зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Бейнеу ауданы бойынша 61 иесіз құдық анықталды. Нәтижесінде соттың шешімімен ауданның коммуналдық меншігіне беріліп, Бейнеу ауданы әкімдігінің 04.10.2021 жылғы № 311 қаулысымен «Бейнеу аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімінің» теңгеріміне өтті. Аталған бөлімнің тарапынан 15 ұңғымалардың құжаттарын рәсімдеу үшін келер жылы қаржы бөлу жөнінде бюджеттік сұраныс берілген. Қарақия ауданы бойынша Үстірт жерінде 32 иесіз құдықтар анықталып, 2 құдықты қалпына келтіру үшін қаржы қарастырылуда. Қазіргі таңда, аудан әкімдігінің меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау ауданы бойынша 341 құдық есепке алынып, Маңғыстау аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен иесіз деп танылған. Алдағы уақытта иесіз құдықты мемлекет меншігіне ауыстыру ісі сот шешімінде қаралатын болады. Мұнайлы ауданы бойынша 8, Түпқараған ауданы бойынша 5 иесіз құдық анықталды. Бұл құдықтарды қолданыстағы заңға сәйкес қалпына келтіруді заңдастыру, мемлекеттік балансқа алу, кәсіпкерге өкізу, оның жарамдылығын анықтау, әр құдықтың экономикалық тиімділігін шығару үрдісі белгілі бір уақытты талап етеді және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қаражатты талап етеді.
Голрох Жеменей