Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев мәлім етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 890,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 139 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл жоспар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1407 пәтер беріледі деп жоспарланған. Оның 305-і жалдамалы, 1102 несиелік тұрғын үй. Бұдан бөлек, Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында жыл соңына дейін жаңаөзендіктерге Ақтау қаласынан 135 пәтердің кілті табысталады», - деді Абзал Меңдібаев.
Брифинг барысында ол шағын және орта бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Айтуынша, 2000-нан астам шағын және орта бизнес жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдаланып жатыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 1731 жобаға 50,3 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
«Осы жобалар шеңберінде 400 жаңа жұмыс орны құрылып, 4000-дай жұмыс орны сақталды. Былтырмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 15 есе өсті. Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала және ауыл тұрғындарына несие беру үшін 1,6 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде 1,4 млрд. теңге көлемінде барлығы 209 шағын несие берілді», - деді Абзал Меңдібаев.