Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті 1 500 орындық стадион және Теңіз академиясына бөлек ғимарат салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы білім ордасының Президенті Берік Ахметов қоғам алдындағы алғашқы есепті кездесуде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Есепті кездесуге білім алушылар, профессор-оқытушылар, Ғылыми кеңес құрамы, облыстық және қалалық мәслихат хатшылары, Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, Маңғыстау аймақтық білім және ғылымды дамыту бойынша қоғамдық кеңес құрамы, жұмыс берушілер өкілдері және мектеп директорлары қатысты.
Алдымен университет кеңістігімен таныстыру мақсатында бейнеролик көрсетілді. Есеп офлайн және онлайн форматта және әлеуметтік желілерде тікелей эфирден трансляцияланды. Есеп беру соңында сұрақтар мен ұсыныстар тыңдалады.
Берік Ахметовтың айтуынша, университеттерінің академиялық дербестігін кеңейтудегі тағы бір батыл қадам - өз жеке үлгісіндегі дипломдарды беру басталды. Бүгінгі таңда Yessenov University-де барлығы 8363 студент бар, оның ішінде 798-і шетел азаматтары. Өткен жылмен (2337) салыстырғанда биыл оқуға түскен талапкерлердің саны (2757) артты. 2020 жылы 1591 грант, 2021 жылы 2111 грант бөлінді. Соңғы 6 айда университет бітірушілерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші шамамен 92 пайызды (2018-88,2 %, 2019-94,8 %, 2020-94,9%) құрайды.
«Болашақ мамандарды даярлауда университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы маңызды рөл атқарады. Оқу орнында 458 оқытушы және121 әкімшілік қызметкерлер бар. Материалдық ынталандыру аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, оқу жылының басынан бастап, педагогтердің жалақысы тағы да артты. Сонымен қатар, стратегиялық және тактикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін ұстаздардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін KPI жүйесі енгізіліп, университет тарапынан да жалақыға қосымша ақы төленеді», - деді университет ректоры Берік Ахметов.
Сондай-ақ университетте 60 білім беру бағдарламасы мен 50 пән жаңартылды. 10 жаңа білім бағдарламасы енгізілді. Былтыр Есенов университетінің негізгі және 24 шағын ауданда орналасқан ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Университеттің материалдық техникалық базасы жаңартылып, оқу жүйесі цифрландырылған, сонымен қатар студенттер ғаламторды тегін пайдаланады.
«Қағазбастылыққа келер болсақ, бүгінде университет жұмысы қағазсыз басқару жүйесіне бірте-бірте көшіп, болашақта ғаламтор арқылы аналитикалық ортаға толық ауысу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта университет базасын кеңейтуді көздеп отырмыз. Яғни 1 500 орындық стадион құрылысы, 600 орындық теңіз академиясына бөлек ғимарат, 500 орындық жатақхана және ботаникалық бақ салу жоспарда бар. Даму стратегиясын орындау бойынша атқарар жұмыстарымыз нақтыланған. Алдымызда көптеген жоспарларымыз бар. Бүгінгі айтылған ұсыныстар міндетті түрде басшылыққа алынатын болады», -деді Берік Ахметов.
Есептік кездесудің сұрақ-жауап кезеңінде университеттің «Бизнес және құқық» кафедрасының 3-курс студенті академиялық мобильділік бойынша оқыған Кипрдегі университетінің жаңашылдығы туралы айтты.
Университет ғимаратында студенттердің тынығып, үзілістерде келесі сабаққа дайындалуы үшін бос кеңістіктерге демалу орындарын ұйымдастыруды ұсынды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлетов Серікбай университетте атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, университет ұжымына табыс тіледі. Осы орайда, университеттің теңіз академиясы студенттерінің практикалық дайындығының нәтижесі жөнінде сұрағын қойды.
Кездесу қонағы, Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова облыстағы ерекше балаларға арналған инклюзивті мекемелерде қызмет атқаратын мамандардың жетіспейтіндігін айтып, университет жанынан арнайы оқу бағдарламасын енгізуді ұсынды.
Бұл сұрақ бойынша Берік Ахметов мәселенің шешілетіндігін және қазіргі таңда талаптарға сәйкес оқу бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында университет тарапы жұмыстанып жатқанын мәлімдеді.
Қорытынды сұрақты Есенов университетінің "Юнион" студенттер жоғарғы кеңесі президентінің м.а Жұмажан Диас қойды. Ол университет аумағында студенттер паркін ұйымдастыруды ұсынды.
«Саябақ салынса, жастарға арналған кейбір іс-шараларды өткізуге, таза ауада кітап оқуға, достық кездесулер өткізуге мүмкін болар еді. Ұсыныс іске асса, студенттер болып көгалдандыру жұмыстарына, ағаш егуге, гүл өсіруге ат салысамыз»,-деді.
Есеп берудің сұрақ-жауап кезеңінде қойылған өзге сұрақтар академиялық мәселелерге байланысты болды. Университет Президенті есеп беру кездесуінде айтылған ұсыныстар мен сұрақтар міндетті түрде басшылыққа алынатындығын атап өтті.