Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кешенді жоспардың жобасын ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды.
«Кешенді жоспар 15 бағыттан және 214 іс-шарадан тұрады. 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы сомасы - 2,1 трлн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 338,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 118,3 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестициялардан 1,6 трлн теңге», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, кешенді жоспар аясында Жаңаөзен мен Ақтау теңіз портын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
«Өнеркәсіпте Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын, арнайы экономикалық аймақ – Ақтау теңіз порты аумағында каустикалық сода құрамындағы хлор бар өнім өндіру зауытын салу, химреагенттерді трансформаторларды және т.б. өндіру бойынша 21 жобаны іске асыру көзделеді», - деді Әсет Ерғалиев.