Жуырда ақмаржан қала Ақтаудың 58 жылдығы қарсаңында, қаланың алғашқы іргетасын қаласқан ардагер құрылысшы, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», ПГМК РСУ және «Каскор СМУ» АҚ-ның еңбек ардагері Сержан Салтанатовтың өзі тұрған үйінің қас бетіне ескерткіш тақтасының ашылу рәсімі өтті.
Иә, құрылысшылар – адамзат өркениетінің бастауында тұрған алып мамандық иелері. Шынында-ақ құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы болып табылады. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Кейінгі жылдары бүкіл Республика бойынша, оның ішінде біздің ақшаңқан қаламызда да құрылыс саласы қарқынды дамуда үстінде. Бүгінде қаладағы бой түзеген тұрғын үйлер де, зәулім-зәулім ғимараттарда кешегі ардагер құрыш білекті құрылысшылардың алтын қолтаңбасы жатыр. Атап айтқанда 60 жылдай артқа тастап, қаланың алғашқы құрылыс нысандарын салуға тікелей қатысқан құрылысшылардың бірі, марқұм Сержан Салтанатов еді.
Ажары келбеттеніп, даңқты құрылысшылардың күні-түні ақ адал еңбектері арқасында көзге ештеңе көрінбейтін жапан түзде бүгінгі Ақтау бой көтерді.
Әсем қаланың, алғашқы іргетасын қалаушы сол кездегі қылшылдаған жас құрылысшы жігіттер қатарында Сержан аға Салтанатов есімі қала тарихымен бірге жасасып келе жатыр. Сержан Әнуарұлы Салтанатов – 1942 жылдың 1 қаңтары күні Гурьев облысы, Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Екінші Дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген бала Сержанның өмірінің бастауы оңайға соқпаса керек-ті. Әкесі Әнуар Салтанатұлынан жастай жетім қалып, анасы Ораз Сәрсенбайқызының тәрбиесінде ержетеді.
Кішкентайынан құрылысшы болуды армандаған ол алғаш еңбек жолын 1958-1959 жж. Гурьев-20 қалашығында №35 және №205 экспедициялық партияларында жұмысшы болудан бастайды. Содан кейін, 1964–1966 жж. Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласындағы алып мекеме саналған Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинаты (ПГМК) мекемесінде геодизист, ал 1966–1971 жж. аталған мекеме жанындағы РСУ-да сылақшы-әрлеуші, 1971–1993 жж. «Каскор-СМУ» құрылыс мекемесінде тас қалаушы, құрылысшы қызметтерін атқарады. ПГМК мекемесінде 40 жылға жуық уақыт табаны таймай ең алғашқы қаладағы ғимараттардан бастап, сол кездегі бүкіл одаққа атақты алып құрылыстардың басы-қасында жүріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерен еңбек сіңірді.
Ардагер құрылысшының ұзақ жылдар тұрған үйінің қас бетіне қойылған ескерткіш тақтасын ашу рәсіміне арнайы қатысқан Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов сөз алып:
"Бүгінде біз тұратын әсем қала Ақтаудың кешегі бой көтеруіне аянбай тер төгіп, еңбек еткен ардагер аға-апаларымыздың ерен істері ұшан теңіз. Өздеріне жүктелген абыройлы міндеттерін адал орындап, сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлерді салып, қаламыздың ажарлы келбетін өрнектеу ісіне жұмылдырылған құрылысшылар қатарында Сержан ағамыздың да есімі алтын әріппен жазулы. Шөл даланың көркін келтіріп, жапан түзде осындай қала салған ардагер құрылысшыларымыздың еңбектері еш ұмытылмайды. Жас ұрпаққа кешегі алдыңғы буын даңқты аға-апаларымыздың өнегелі жолын насихаттау, үлгі ету үшін Сержан аға Салтанатов тұрған үйдің қасбетіне ескерткіш тақтасын ашып отырмыз", – деді.
Ресми сөзден кейін Сержан Салтанатовпен ПГМК құрамындағы Құрылыс жөндеу басқармасында (РСУ) ұзақ жылдар әріптес болған ардагер – құрылысшы, 91 жастағы Сафи Әлжанов өткен күндерден сыр шертіп, өз естелігімен бөлісті.
"Бүгін ұзақ жылдар қызметтес болған жолдас Сержан Салтанатов ініміздің ескерткіш тақтасының ашылу рәсіміне арнайы қатысып тұрмыз. Кешегі жас Шевченко қаласы бүгінде әсемдігімен көз тартар Ақтаудай қалаға айналды. Қазір қарап отырсам, кешегі күндер зулап өте шығыпты. Сержан ініміз екеуміз ПГМК құрамындағы РСУ мекемесінде учаскелік құрылыс бригадасында 30 жылдай бірге тату-тәтті қызмет атқардық. Қызмет барысында ол №2 құрылыс учаскесінде, ал мен №4 учаскіде осы қаланың салынуына тікелей араластық", – деді ардагер құрылысшы.
Одан кейін сөз алған Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай С.Салтанатовпен бірге қаланың алғашқы жылдары жертөлелерде көрші тұрып, жақсы сыйлас болғандығынан сыр шертті.
"Сержан аға Ақтау қаласының алғашқы тұрғындарының бірегейі еді. Алғашқыда жертөледе тұрып, палаткада білім алып жүрген сәттерімнен Сержан аға және оның ата-анасымен таныс болдым. Ол біздің отбасымызбен алғашқы жылдары көрші тұрып, әкемізбен бірге қаланы салуға қатысты. Сержан аға санаулы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын туған өңірінің өркендеуіне арнаған, қаланың құрылысына тікелей араласқан еңбек майталманы болатын", – деді қаланың алғашқы тарихи сәттерімен бөліскен А.Қартбай.
Одан кейін рет-ретімен сөз алған Маңғыстау облысының құрметті азаматы, дәулескер күйші Сержан Шакрат, еңбек ардагері, шежіреші Тоқтарбай Балықбайұлы да өз естеліктерімен бөлісіп, өткен күндерге ойша оралды.
Үлкен еңбекпен салынған осынау сәулет өнерінде құрылысшылар бригадасы құрамында Сержан Салтанатов та жаңа қаладағы бой көтерген маңызы бар «Мәңгілік алау», 200 орындық профилактикалық нысан, 320 орындық теңіз жағалауындағы «Золотые пески» пионер лагері, «Волна» атты санаторий, басқа да көптеген тұрғын үй ғимараттарын салды. Одан бөлек мекеме облысқа қарасты Форт-Шевченко қаласындағы қалалық партия комитетінің ғимараты, қонақ үйі, кітапхана, мейрамхана, Тұщықұдық ауылындағы орталық клуб т.б. маңызды нысандарды салуға қатысты.
Иә, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмей тұғын артында сөз қалдырған» деп хәкім Абай айтпақшы, сөз қалдырмаса да, өшпейтін із қалдырған осындай даңқты ардагер құрылысшылар тарихты тасқа қашап жазғандай қаланың алғаш құрылыстарының іргетасында қолтаңбасы қалғаны біз үшін үлкен мақтаныш әрі мәртебе.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ