Ақтауда көпбалалы ана тігін ательесі мен оқу орталығын ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көпбалалы ана "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, нәтижесінде мемлекеттен грант алып бизнес жобасын іске асырған. Ол жоба туралы ақпаратты әлеуметтік желіден оқыған. Бүгінде кәсібі арқылы табыс тауып, 5 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Елімізде жеке кәсібін ашып, табыс табамын деген жанға әрдайым қолдау бар. Ең бастысы ашқалы отырған кәсібінің маңыздылығын дәлелдеп, арнайы бизнес жоспарын қорғап шықса болғаны. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жұмыс орындарын құруға, олардың материалдық жағдайын жақсартуға, көп балалы аналардың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік көп», деді Жазира Бұйрашева.
Осы уақытқа дейін оқу орталығында қызмет еткен Жазира Бұйрашева бүгінде дәріс беруден қол үзбеген. Тігін ательесінің арнайы бөлмелерінде жасөспірім қыздарға арнап шығармашылық шеберхана, құрақ құрау, киім үлгілеу, пішу және тігу, моншақтан түрлі әшекей бұйымдарын жасау сынды тегін оқу курсын ашқан. Мұндағы тігіншілікке қызығушылығы бар 5 қызды жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөліп оқытады.
Талантты тігінші, атақты дизайнер шығаруды армандайтын кәсіпкер қаңтар айында оқу орталығынан қосымша «Дефиле» курсын ашуды жоспарлап отыр. Негізгі мақсат - оқушы қыздардың тіккен көйлектерін сән қойылымдарында көрсету.